Декларация тапсырмағандар айыппұл төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Декларация тапсырмағандар айыппұл төлейді

16.09.2024

Жалпыға бірдей декларацияны мерзімінде тапсырмаған немесе жалған дерек ұсынған жеке тұлғаларға әкімшілік хаттама толтырылады. Бүгін - салық есебін өткізудің соңғы күні. Бірінші жолы – ескерту, екінші рет декларация тапсырылмаса, 55 мың теңге айыппұл салынады. Ал егер азаматтар ақпаратты толық көрсетпесе, 11 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Алматы қаласы бойынша салық декларациясын 340 мыңға жуық адам өткізуге міндеттелсе, бүгінге дейін 300 мыңнан астамы тапсырып үлгерген. Соңғы күні де, алматылықтар мемлекеттік кірістер басқармаларына барып, табысы туралы есебін қолма-қол өткізіп жатыр. Сондай-ақ жеке тұлғалар декларацияны «Салық төлеушілер кабинеті» веб-порталы, «e-Salyk azamat» мобильді қосымшасы мен «Электрондық үкімет» порталы арқылы түнгі 12.00-ге дейін тапсыра алады. Жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңінде жеке кәсіпкерлер, заңды тұлға құрылтайшылары мен жұбайлары табыс есебін өткізуі тиіс.

Қанағат Күлімбаев, Алматы қаласы бойынша кірістер Департаментінің басқарма басшысы:

Декларацияны тапсырмаған азаматтарға бірінші кезеңде ескерту беріледі. Одан кейін 1 жылдан кейін қайталанатын болса, ондай азаматтарға 15 АЕК айыппұл салынады. Толық көрсетпеген немесе жалған ақпарат берген азаматтар, оларға бірінші кезекте ескерту беріледі, сосын 5 АЕК айыппұл салынады.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу