Атырау облысындағы Мақат ауданының құрылғанына 100 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы Мақат ауданының құрылғанына 100 жыл толды

16.09.2024

Атырау облысындағы Мақат ауданының құрылғанына биыл – 100 жыл. Қашаған мұнай кен орнын игеруші оператор «NCOC» компаниясы ғасыр тойына орай өткізілген бірқатар мәдени, спорттық іс-шараларға демеуші болды. Аламан, құнан және тай жарысқа сәйгүліктерін сынауға елдің түкпір-түкпірінен 40-қа жуық шабандоз келді. Бәйге арасында ұлттық ойындар ойнатылып, рухани құндылықтарымыз дәріптелді.

Мерейтойға орай Бәйгетөбеде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қалың жұртшылық сонда жиналды. Бозкілемдегі палуандар күресі мен сайын дала төсіндегі аламан бәйге дүбірлі тойдың сәнін кіргізді. Жеңімпаздарға тігілген жүлде қоры да қомақты. Бағалы сыйлықтар мен ұйымдастыру жұмыстарына «NCOC» компаниясы демеушілік етті.

Сұңқар Құлжанов, «NCOC» компаниясы мемлекеттік органдармен және қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері:

Биылғы Мақат ауданының жүз жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған қазақ мұнайының 125 жылдығымен құттықтаймыз. «NCOC» компаниясы Мақат ауданы бойынша әр түрлі әлеуметтік жобаларға да қатысып келе жатыр. Әрі қарай да компаниямыз дамуына, өркендеуіне үлес қосады деген сенімдеміз.

Көптің көзі түсіп, жұртшылық шын жанкүйер болған ұлттық ойынның бірі – аламан бәйге. Жүзден жүйрік шығып, қарсыластарын қапыда қалдырған Жандос Мақсатұлының сәйгүлігі мәреге бірінші жетті. Осылайша Қарағандыдан келген шабандоз су жаңа автокөліктің иесі атанды.

Жандос Мақсатұлы, жеңімпаз:

Жылдап дайындалып жүрген ат қой. Бұл үшінші машинасы. Осыдан бір ай бұрын KIA көлігін ұтқанбыз. Мынау екінші машинасы.

Құнан және тай бәйгеден жүлделі орын алғандарға мотоциклдер мен теледидар табысталды. Ал қой мен гір тасын көтеру және күрестен топ жарған қатысушылар ақшалай сыйлық алды.

Азамат Мәмбетов, Мақат ауданының әкімі:

Алдағы аптада бізде Мақат ауданының ішіндегі өзіміздің мәдени іс-шаралар бар. Сонымен ғасырлық мерейтойымыздың жалпы іс-шаралары аяқталатын болады. Барлық Мақат ауданының тұрғындарын мерейтоймен құттықтағым келеді. Тойдан тойға жете берейік.

Мерейтой эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке жалғасып, шара соңында тұрғындар мерекелік отшашуды тамашалады. «NCOC» компаниясы 30 жылдан астам уақыт бойына операциялық қызметін Мақат ауданында жүргізіп жатқан Солтүстік Каспий жобасының операторы ретінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар аясында 60 пәтерлік тұрғын үй салып жатыр және алға қарай бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.


Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу