Дунай өзенінің жағасында тұтас ауыл суға кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дунай өзенінің жағасында тұтас ауыл суға кетті

18.09.2024

Орталық Еуропаға соққы берген «Борис» дауылынан қаза тапқандар саны 21-ге жетті. Өткен аптаның ортасынан бері жауын құйып, Польша, Чехия, Румыния, Австрияда алапат тасқын жүрді. Соңғы 20 жылдағы ең ауыр су апаты мен сұрапыл желден көпірлер мен үйлер құлап, жолдар бұзылып, экономикаға миллиардтаған еуро шығын келді. Польшада 5 мыңнан астам сарбаз тұрғындарға көмекке жұмылдырылған. 40 мыңдай адам эвакуацияланды. Елде табиғи апатқа байланысты үш ай бойы төтенше жағдай тәртібі сақталады. Ғалымдардың айтуынша, құрлықтың бірқатар елінде тасқын жүруіне климаттың өзгеруі себеп.

Андреас Фон Вайссенберг, Қызыл Крест ұйымының Еуропа аймағындағы апаттар мен климат жөніндегі өкілі: 

Еуропа ондаған жылдар бойы өзге әлемнен тез жылыды. Жылы ауа көп ылғал ұстайды. Сондықтан шектен тыс жауындарға куә болып отырмыз. Алдағы уақытта жаңбырлы күндер тіпті жиілей түседі. Бұның нәтижесінде, тарихи тасқын дегенді көп айтатын болды. Дұрыс, мұнымен келіспеу мүмкін емес. Климаттың өзгеруі ойын тәртібін өзгертетін күшке ие. 

Венгрияның солтүстігіндегі Дунай өзенінің жағасында тұтас ауыл суға кетті. Қазір мұнда тұрғындар қайықпен қатынап жүр. Ал осы елдімекеннен 100 шақырым жерде мемлекет астанасы Будапешт орналасқан. Онда алапат тасқынға қарсы бөгеттер орнатылып жатыр. Өйкені жұма-сенбі күндері Дунайдың деңгейі шарықтау шегіне жетіп, 8,5 метрден асуы мүмкін.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу