Туған ауылын түлетуге ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Туған ауылын түлетуге ниетті

20.09.2024

Батыс Қазақстан облысында сүт фермасын ашқан бұрынғы судья тарап кеткен ауылын қайта түлетіп, «Елді мекен» статусын қайтарғысы келеді. Ол үшін биыл Президент Жолдауында айтылған ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие берілсе, жұмыс орындары ашылып, тұрғындар ауылға тұрақтар еді, - дейді. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Мынау бұрынғы Сүттігенді ауылдық орта мектебінің ғимараты. Қазір содан тек қисық қабырға ғана қалған. Оған іргелес спорт залының орны үйіндіге айналған. Ал ауыл кешінің көркін ашып, ойын-сауық, өнер ордасы болған мәдениет үйінің ескі орнында тек кірпіш сынықтары жатыр. Кезінде бұл жерде екі қабатты зәулім ғимарат болды дегенге сену қиын.

Теректі ауданы Ақжайық ауылдық округіне қарасты Сүттігенді ауылының қазір «Елді мекен» статусы жоқ. Төрт жыл бұрын қысқартылған. Бұрын машина-трактор станциясы жұмыс істеп, «Еңбек» кеңшарының құрылуына негіз болған жер. Қырда егіні жайқалған, төрт түлік жайылған. Ал қазір 92 үйден тек төрт түтін қалған. Халқының көбі қалаға іргелес саяжайға, көрші ауылдарға көшіп кеткен.

Динара Шұғайыпова, тұрғын:

Күркіреп тұрған ауыл болды. Жұмыс болса, жол болса, келер еді жастар. Мал ұстап тұратын жер негізі.

20 жыл сотта еңбек еткен бұрынғы судья, полковник Мәлік Кенжәлиев туған ауылын түлетуге ниетті. Былтыр зейнетке шыққан соң, қаланы тастап ауылға көшіп келген. Чехиядан 15 бас сүтті семминтал сиырын сатып алып, кәсіп ашқан. Енді өзімен бірге ауыл азаматтары да жер алып, еңбек етсе дейді. Айтуынша, тері илеп, жүн түтетін, сүт өнімін шығаратын цехтар іске қосылса, екі қолға бір күрек табылады. Тек қаржылай көмек керек.

Мәлік Кенжәлиев, фермер:

Ауыл азаматтарының ауылға келем деген ниеті өте жоғары. Біз үкіметтен жөнсіз қаражат сұрап отырған жоқпыз. Бізге осы ауылды өркендетуге 2-3% не 4% болсын, 8-10 жылға кредит беретін болса, ауылды қайта қалпына келтіруге болады. «Ауыл аманатынан» несие алайын десең, үйді 1 млн 900 мыңға бағалады. Ол ақшаға қандай несие алуға болады?

Қолданыстағы заңға сай, егер ауыл халқының саны 50 адамнан азайса, елді мекен таратылады. Облыстағы 413 ауылдың 49-ы жойылудың аз-ақ алдында тұр.

Абылайхан Әбішев, Қр Ұлттық экономика министрлігінің басқарма басшысы:

Осы жылға бізде тағы 179 млрд теңге қаралды. Ол ақшаға 500-ге жуық ауылда 1800 жобаны іске асыру жоспарланған. Егер де ол ауылда адам саны көбейіп жатса, біз өзіміздің министрлік тарапынан «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ақша қарастыруға, талдауға дайынбыз.

Яғни, ауылдың «Елді мекен» статусын қайтару үшін, ең басты талап, тұрғын саны көбеюі керек. Ақжайық ауылдық округінің әкімі аты бар да заты жоқ ауылға жол салынбайтынын кесіп айтты. Бірақ сүттігенділіктер - оптимист. «Ел қонбаса, жер жетім»,- деп туған өлкелері қайта еңсесін көтереріне сенеді.


Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу