Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың барлығы баспанамен қамтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың барлығы баспанамен қамтылды

23.09.2024

Қостанай облысында тасқын кезінде үй-жайы бүлінген тұрғындардың барлығы баспанамен қамтылды. Аймақта барлығы 1 300-ге жуық үй тексеріліп, оның 468-і қалпына келтіруге жарамсыз болып шыққан. Баспанасы жөндеуге келмейтін тұрғындардың бір парасына қалауы бойынша қаладан пәтер сатып алынса, енді біразына жаңа үйлер салынды.

Дәуренбек Әбдібек – Тілші:

Алтынсарин ауылы - Қостанай облысындағы тасқыннан ең қатты зардап шеккен елді-мекен. Мұнда 151 үйге су кірген. Алайда тұрғындардың ешқайсы назардан тыс қалған жоқ. Бәріне тұрмыстық техника, бір реттік жәрдем берілді. Ең бастысы – үйі жарамсыз күйге түскендердің барлығы баспанамен қамтылды.

Әлия Нұғыманова көктемгі тасқында үйін шатырына дейін су басып, өмір бойы жиған-тергенінен бір күнде айырылғандардың бірі. Алғашқы күндері қиындықпен бетпе-бет қалып абдырағандары рас. Алайда Мемлекет басшысының «Бірде-бір адам көмексіз, назардан тыс қалмайды» деген сөзі көңілге үміт ұялатты. Көп ұзамай қаржылай, гуманитарлық жәрдем беріле бастады. Жаз ортасы ауа су басқан баспанасынан әлдеқайда кең, жайлы жаңа үйге кірді.

Әлия Нұғыманова - Алтынсарин ауылының тұрғыны:

Енді бұл одан жарық та. Ол үш пәтердің бірі еді. Мынау жеке. Салыстырғанда өте керемет. Жаңа үйде жаңа өмір бастап, тек жақсылық болады деп тілейміз.

Отағасы Ерхан Молдахалықов «Ең бастысы баспанамыз бар, қалған тірлікті біртіндеп қалыпқа келтіреміз» дейді. Жаңа үйінің ауласына қай жерге не салатынын ойша жоспарлап, есептеп жүр.

Ерхан Молдахалықов - ауыл тұрғыны:

Мына жерге гараж саламын. Оған таяу жазғы ас үй. Ана жерге монша түседі.

Ауылдың қыр жақ бетінен пайда болған «Таза бұлақ» шағынауданына 21 үй салынған. Бұл баспаналар осы жерде қалуды қалағандарға берілді. Бірнеше отбасы қалаға қоныс аударды. Жалпы аймақта тасқыннан зардап шеккендерге 315 пәтер сатылып алынып, 153 тұрғын үй жаңадан салынды және 815 үйге күрделі жөндеу жүргізілді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу