Өңірлер жылу маусымына дайын ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлер жылу маусымына дайын ба?

23.09.2024

Биыл еліміз бойынша 546 шақырым ескірген жылу желілерін жаңарту көзделген. Бұл ауқымды жұмыстар алдағы жылу маусымына дейін аяқталуы тиіс. Қазір қоңыр күздің салқыны сезіліп, күн суытып келеді. Ал бірқатар өңірде құбыр ауыстыру жұмыстары әлі жүріп жатыр. 

Қызылорданың орталығында бірнеше көше қазылып, бүгінде қаланың шаңы шығып жатыр. Биыл шаһарда 9 шақырымнан астам жылу желісін жаңалауға қаржы бөлінген. Жылыту маусымына да екі жетідей уақыт қалды. Бірақ кейбір нысанда жұмыс баяу. Ал салаға жауаптылар суық түскенге дейін құбыр ауыстыру жұмыстары аяқталады деп уәде етіп отыр.

Медет Усайн, Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Қазір Қызылорда қаласында 6 учаскіде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның алтауының төртеуі 95 пайызға бітіп тұр. Екеуі 70 пайыздан асады. Бұл жұмыстарды біз сол 1-10 қазан аралығында толығымен бітіріп жылуды беретін боламыз.

Жамбыл облысының орталығында да бірнеше айдан бері көлік кептелісі көбейіп, көшелерде қозғалыс қиындаған. Бұған басты себеп – қаланың қысқа қамдануы. Таразда 34 жыл бойы жөндеу көрмеген ең ірі жылу желісі ауыстырылып жатыр. Ұзындығы 6 шақырым жер асты құбырын жаңғырту жұмысы биыл сәуірде басталған. Мердігер мекеме нысанды қазан айының басында тапсыруы тиіс.

Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Құбыр 71 пайызға тозған болатын. Аязды кезеңде 71-75 градустың өзін бере алмадық. Жабдықтың жетіспеушілігінен болар төрт жүздік құбырлар орнатылғаны анықталды. Тиісінше жылуды қамтамасыз етуге кедергі болып отырды. Енді бұл құбырлар алты жүздікке ауыстырылды.

Ақтауда алғаш рет магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. 3 жылға жоспарланған ауқымды жоба аясында 22 шақырым құбыр ауыстырылмақ. Биыл соның 11 шақырымнан астамы жаңартылып жатыр. Қазір мердігер мекеме жылу маусымына дейін үлгеру үшін жұмыс күшін көбейтіп отыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу