Неонатологтар: Қазақстанда сәби өлімі 32% төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Неонатологтар: Қазақстанда сәби өлімі 32% төмендеді

25.09.2024

Елімізде соңғы 10 жылда сәби өлімі 32 пайызға төмендеді. Бұл перинаталдық орталықтардағы медициналық көмек сапасының жақсаруымен байланысты, дейді мамандар. Алматыда алғаш рет Неонотологтар конгресі басталды. Жиынға әлемнің жеті елінен жетекші мамандар қатысты. Шарада жаңа туған нәресте ағзасының түрлі инфекциялармен күресуі, қатерлі жүктілік кезінде сәбиді аман алып қалу жолдары айтылды. Сондай-ақ шала туған шақалақты оңалту, оларға көрсетілетін алғашқы медициналық көмек түрлері ұсынылды. Жиын барысында отандық неонотология саласында ғылыми жобалар мен зерттеулер жүргізу, жаңа технологияларды тартудың тәсілдері де талқыланды. Қазіргі уақытта елімізде мыңнан аса неонатолог бар. Ал шалғай аудандарға әлі 80-нан аса дәрігер жетіспейді.

Бектұрған Қарин, Қазақстан акушер-гинекологтары мен неонатологтары конгресінің президенті:

Сапаны арттыру арқылы өлім көрсеткішінің төмендеуіне әсер етіп жатырмыз. Яғни орташа 4 промилле еуропалық көрсеткіштерге сәйкес. Бұл Орта Азия мемлекеттерімен салыстырсақ, ең төменгі көрсеткіш болып табылады. Жылдан жылға неонатолог мамандар медициналық университеттерден шығарылып жатыр.

Борис Камер, неонатолог-дәрігер (Германия):

Жаңа туған нәрестенің денсаулығы дұрыс қалыптасуы үшін неонатолог-дәрігерлердің тәжірибелі болуы маңызды. Жасанды интеллектіге негізделген технологияларды күнделікті қолданысқа көптеп енгізуіміз керек деп ойлаймын.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу