Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара мәліметтері БҰҰ қарауында болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара мәліметтері БҰҰ қарауында болады

27.09.2024

Бұдан былай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара мәліметтері БҰҰ-ның қарауында болады. Нью-Йоркте Қазақстан дипломаттары мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шарттың көшірмесін ұйымға тіркеу үшін тапсырды. 

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Шекараны демаркациялау келісімінің көшірмесі Бас Ассамблеяның жоғары деңгейдегі апталығы өтіп жатқан тұста тапсырылды. Онда екі мемлекет арасындағы шекара жайлы толық мәлімет бар. Енді маңызды құжат ұйым Хатшылығында тіркеліп, сақталады. Бұл қадам екі елдің достығы, өзара сыйластығы мен сенімінің нышаны болмақ дейді дипломаттар. Осылайша мемлекеттер Орта Азияда алғаш рет теңдессіз тәжірибені қолға алды және ол өзге елдерге үлгі болмақ.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Біріккен Ұлттар Ұйымына бұл құжатты тапсыру әрине бұл құжаттың халықаралық деңгейде танылғандығын белгілейді. Сондықтан бұл тәжірибе тоқтамайды. Келешекте де басқа елдермен шекарамызды толықтай бекітіп, демаркация өткізгеннен кейін басқа да келісімдер осылай тапсырылатын болады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара 2,300 шақырымнан асады. Демаркациялық шартқа екі жыл бұрын президенттер қол қойған еді. Айта өтейік, Өзбекстаннан бөлек, Қырғызстан, Түрікменстан және Қытаймен арадағы шекара да толық шегенделген. Демаркациялау жұмыстары қазір Ресеймен арада жалғасуда. Елдің шығысындағы таулы аймақта шекара бағандарын орнату жүріп жатыр. Десе де Қазақстан Ресеймен арадағы шекараны делимитациялау құжаттарын осыдан тоғыз жыл бұрын, 2015 жылы БҰҰ хатшылығына тапсырып тіркетіп қойған.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу