Құлсарылықтар қоныс тойын тойлап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсарылықтар қоныс тойын тойлап жатыр

28.09.2024

Тасқыннан кейін үйсіз қалған Құлсары қаласының 80 тұрғынына жаңа баспана берілді. Тағы 20-сы жуырда тапсырылмақ. Ал өтемақысын алған 1193 азамат тұрғын-жайларын қайта қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр.

Күләш Машенова, Құлсары қаласының тұрғыны:

Қазіргі жағдайымыз өте жақсы енді. Үйіміз бұзылғанымен арты жақсы болды. Жақсылап, әдемілеп жаңа үй салып алдық. Ризамын үкіметке.

Баспанасы су астында қалғандардың бірі - Күләш Машенова. Үйі апатты деп танылған соң, сүруге тура келді. Үкіметтен өтемақысын алған соң ескі үйдің орнына жаңасын салып алды. Жуырда қоныс тойын тойлады.

Тасқыннан зардап шегіп баспанасыз қалған құлсарылықтар үшін Болашақ ықшам ауданында осыдан 4 ай бұрын жаңа 100 үйдің құрылысы басталған еді. Қазір мұнда 80 отбасы қоныс тойын тойлады. Енді қалған 20 үйді келесі айдың аяғына дейін беру жоспарланып отыр.

Шолпан Назарованың қуанышында шек жоқ. Осыған дейін 60 шаршы метр қуықтай баспанада тұрған ол кең әрі жаңа үш бөлмелі үйдің иесі атанды.

Шолпан Назарова, Құлсары қаласының тұрғыны:

Басында үйіміз суға кеткеннен кейін қиыншылық болды. Енді қазір көңіл-күйіміз жақсы. Жаңа үй алдық. Қоныстанып жатырмыз. Үйім ұнап тұр өзіме, әдемі салынған.

Шағын ауданды дамыту жобасы әзірленген. Көшелерге асфальт төселді. Енді мектеп пен балабақша салынады. Демеушілердің көмегімен спорт кешені де бой көтереді. Су құбыры, электр желісі тартылған. Ендігі мәселе – көгілдір отын.

Гүлнафис Айшуақова, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:

Газ желісі толығымен тартылып тұр. Ол жерде тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Жылыту маусымына дейін толықтай газбен қамту жоспарланып отыр.

Болашақ ауданы қаладан 5-6 шақырым қашық жерде. Сондықтан тұрғындар үшін 1 қазаннан бастап қоғамдық көлік қатынай бастайды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу