АҚШ-та «Хелен» дауылынан 105 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та «Хелен» дауылынан 105 адам қаза тапты

30.09.2024

АҚШ-тың бірнеше штатына «Хелен» дауылы соққы берді. Соңғы мәліметке қарағанда, 100-ден астам адам қаза тапты. Сонымен қатар, экономикаға ондаған миллиард доллар шығын келген. Метеоролог-мамандардың болжамынша, бұл биылдыққа соңғы дауыл емес. Әлі сұрапыл жел көтеріліп, су тасуы мүмкін.

«Хелен» дауылы Американың Флорида, Джорджия, Теннесси, Каролина штаттарына өткен аптаның соңына таман соққы берді. Кемінде 105 адам мерт болған. Құрбандардың көбі – Оңтүстік және Солтүстік Каролина тұрғындары.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

Бұл – трагедия. Қазір олардың нақты саны анықталып жатыр. Кеңесшілерім оқиға орнында жүр. Себебі ресми мәліметтер мен жергілікті тұрғындар келтірген сандарда айырмашылық бар.

Жауындатқан «Хелен» сағатына 240 шақырым жылдамдықпен жеткен. Одан ағаштар құлап, үйлер мен жолдар бұзылып, электр сымдары үзілген. Сондықтан миллиондаған адам жарықсыз отыр. Бұған қоса, талай қала мен елдімекенді су басты.

Шарлин Хаггинс, Флорида штатының тұрғыны:

5 ұрпақ осы үйде тұрды. Әжем, әкем, мен, қызым, ұлым, немерем. Осында өсіп-өндік. Есте қаларлық дүние көп мұнда. Енді үйіміздің мына күйін көріп, жүрегім ауырып тұр.

Сақтандыру компанияларының болжамынша, мүліктік залалдың көлемі 100 миллиард долларға жетуі мүмкін. Зардап шеккен аудандардағы іздеу-құтқару оперцияларына үкіметтен және 19 штаттан арнайы бригадалар жөнелтіліп жатыр.

Камала Харрис, АҚШ Вице-президенті:

Мен алғашқы көмек көрсеткендерге алғыс айтқым келеді. 33 мың федералдық қызметкер жұмылдырылды. Сонымен қатар, зардап шеккен аудандарға азық-түлік, ауыз су жіберіліп, электр және су жүйелері қалпына келтіріліп жатыр.

«Хелен» дауылы қазір біршама әлсіреді. Бірақ синоптиктердің болжамынша, Америкада әлі де қатты жел соғып, торнадо көтеріліп, су тасуы ықтимал. АҚШ-тың Мұхиттық және атмосфералық әкімшілігінің дерегінше, биыл 24 штормнің есімі белгілі. Солардың 13-і дауылға ұласып кетуі ғажап емес.


Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу