Абай облысында «Мейірім» бағдарламасы нәтижелі жұмыс істеп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында «Мейірім» бағдарламасы нәтижелі жұмыс істеп келеді

02.10.2024

Абай облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға арналған «Мейірім» бағдарламасы іске асып келеді. Семей қаласының №1 емханасы 12 жыл бойы патронатқа алған колледж түлегіне ақшалай сертификат табыс етті.

Семей қаласының №1 емханасы 2012 жылдан бері Аленаның қамқоршысы. Емхананың 425 қызметкері жетім балаға қарайласып, он екі жыл бойы өз жалақыларының 1 пайызын «Отбасы банктегі» шотына аударып, 12 жыл ішінде жиналған 4 миллион теңгені Аленаға табыс етті.

Анатолий Ахунжанов, Семей қаласы №1 емханасының бас дәрігері:

Бүгін біздің ұжым үшін жарқын әрі салтанатты күн. Бүгін біз патронатты қамқорлығымызда болған балаға ақшалай сертификатты табыстаймыз. Ұжымымыз 12 жыл көлемінде Отбасы банкқа ақша салғанның арқасында бүгін осындай үлкен сома жиналып отыр.

Алена Голубова – 22 жаста. Жарма ауданы Қоңырбиік ауылындағы мектепте білім алып, кейін Жарма технологиялық колледжін аяқтады. Мамандығы техник-механик және аспаз. Жетім балалар санатындағы бойжеткенге Семейдің жаңа ауданынан пәтер берілген. Енді мейірімді жандардың көмегімен пәтерін жабдықтамақ.

Алена Голубова, Семей қаласының тұрғыны:

Пәтердің ішін жабдықтаймын. Пәтерді Қарағайлыдан алдым, сапасы жақсы. №1 емханаға ақша жинап көмектескендері үшін рахмет айтамын. Пәтерде барлығы жақсы жасалған, жөндеуді қажет етпейді.

Биыл ақпан айында басталған «Мейірім» акциясы жетім балаларға қоғам назарын аударуға бағытталған. Қазіргі таңда облыс бойынша 222 балаға түрлі ұйымдар бекітілген. Бүгінге дейін олардың шоттарына 28 миллион теңгеден аса қаражат жиналды.

Әсем Нүскенова, Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 222 балаға қазіргі таңда бизнес сектор, квазимемлекеттік секторды тарту арқылы балаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында осы акция іске асырылып келеді.

Биыл жыл басынан бері аудандар мен Семей қаласында ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған 42 жас тұрғын пәтер алды. Жыл соңына дейін осы әлеуметтік санаттағы 10 адам баспанаға ие болмақ.


Хабарламаларға жазылу