Иран Израиль аумағына 180 ракета жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран Израиль аумағына 180 ракета жіберді

02.10.2024

Иә, бүгінде Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп тұр. Өткен тәулікте Израиль Ливанның оңтүстігіне жаяу әскер кіргізгенін жариялаған еді. Қазір олар «Хезболла» жасақтарымен шайқасып жатыр. Ал «хезболлалықтарды» араб әлеміндегі ықпалын күшейту үшін одақтас еткен Иран еврей мемлекетінің аумағына 180 ракета атқан. Бұл шабуылдан кейін премьер-министр Тегеранның «құн төлейтінін» ескертті. 

Таяу Шығыстағы әскери операциялар аймақтық соғысқа ұласуға жақын. Сейсенбінің кешінде Иран Израильге шамамен 180 зымыран жіберді. Олардың көбін Израиль армиясы мен АҚШ бірлесіп құлатқан. Жараланғандар жоқ, бір адам қаза тапты, ғимараттар зақымданды. Және де сан мың тұрғын бас сауғалауға мәжбүр болған. Енді Иран құн төлеуі тиіс.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Иран өткен түні үлкен қателік жасады. Енді сол үшін құн төлейді. Иран режимі біздің қорғанатынымызды және жаулардан кек алатынымызды түсінбейтін тәрізді.

Тегеранда – мереке. Израильге ракеталар жіберілгеннен кейін жергілікті халық шаттанып көшеге шықты.

Иран неге Израильге соққы берді? Өйткені жақында Бейрутта Тегеранның араб әлеміндегі ықпалды одақтасы - «Хезболланың» лидері Хасан Насыралла өлтірілді. Және де Израиль «Хезболланы» күйрету үшін Ливанға тіпті жаяу әскер кіргізіп жатыр.

Тегеран тұрғыны:

Өте қуаныштымын. Соққы берілетін күнді көп күттік. Израиль кек қайтарамын десе, біз жан беруге дайынбыз.

Аймақтағы шиеленіс Газадан бастау алады. Былтыр қазанның 7-де осы палестиналық анклавтан шыққан хамастықтар Израильдің оңтүстігінде 1200 адамды өлтіріп, 250-ге жуығын кепілге алды. Содан кейін Израиль «Хамасқа» соғыс ашып, Газаны әлі шабуылдап жатыр. Мұнда бүгінге дейін 41 мыңнан астам палестиналық мерт болған.

Карима Лаашир, Австралия ұлттық университетінің араб және исламдық зерттеулер орталығының директоры:

Бұл соғыс аймақтағы жағдайды тіпті шиеленістіріп, қарулы жанжалдардан онсыз да ығыр болған бейбіт халықтың азабын тіпті ауырлатуы мүмкін. Әсіресе ливандықтар мен палестиналықтарға қиын болып тұр.

Израиль неліктен Ливанда әскери операция жүргізіп жатыр? Себебі ливандық «Хезболла» «Хамасқа» көмектесемін деп, былтыр күзден бері Израильдің теріскейіне мыңдаған зымыран жіберген. Осының салдарынан 70 мыңдай израильдік үйлерін тастап кетті. Сол халық тұрғылықты жеріне оралғанша, Израиль «Хезболлаға» қарсы соғысты тоқтатпауы мүмкін.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу