Сенатор Қазақстанда TikTok желісін жабуды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенатор Қазақстанда TikTok желісін жабуды ұсынды

03.10.2024

Бүгін ел Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских TikTok желісін жауып тастауды ұсынды. Оның айтуынша, TikTok-тағы контент адам өміріне қауіпті. Сол себепті депутат бірқатар шектеулерді ұсынды. Сенатордың талабы қандай ? 

Сенатор Геннадий Шиповских Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында TikTok платформасында негатив контенттің көп таралатынын айтты. Мұндай мазмұндағы өнімдер балаларға психикалық және физикалық тұрғыда кері әсер ететінін жеткізді. Сондай-ақ, аталған желі азаматтардың жеке деректерінің киберқауіпсіздігі мен құпиялылығына қауіп төндіреді деді. Сол себепті, депутат бірқатар талапты тізіп өтті.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы тиіс. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз.

Жалпы 2020 жылдан бастап әлемде бірнеше ел TikTok желісін толықтай немесе ішінара бұғаттады. Қазақстанда бұл платформаға қатысты бірнеше рет мәселе туындады. Бірақ, заңды тұрғыда ешқандай шектеу енгізілген емес. Біз TikTok-қа қатысты тұрғындардың пікірін сұрап білдік.

Еліміздегі экономистердің айтуынша, 2023 жылы шетелдік әлеуметтік желілер, IT-платформалар, маркетплейстер Қазақстан бюджетіне 25,1 миллиард теңге салық төледі. Тізімде 73 компания бар. Оның ішінде TikTok 1,16 миллиард теңге салық аударған. Ал, психолог балалардың телефондарына бақылау бағдарламасын орнату орынды болар еді дейді.

Ержан Мырзабаев, психолог:

Барлық ата-аналар телефондарына ата-ана бақылау бағдарламасын орнату керек. Бұны біз мемлекеттік деңгейде бекітуіміз керек.

Кей ақпарат көздерінде соңғы екі жылда TikTok желісіне 14,1 млн қазақстандық тіркелгені көрсетілген. Елімізде TikTok платформасын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибе зерттелуде. Әсіресе, біздің ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып, ондағы контентті бейімдеу бойынша жұмыс кеңестері өткізіліп жатыр. Биылғы жылдың көктемінде Ел Премьер-министрінің орынбасары Роман СклярTikTok-қа қатысты осындай мәлімдеме айтқан болатын.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу