Жамбылдық ұстаздар пәндік олимпиадаларда көш басында келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық ұстаздар пәндік олимпиадаларда көш басында келеді

04.10.2024

Жамбыл облысының ұстаздары біліктілігі бойынша барлық білім бәйгелерінде жүлдегер атанып келеді. Жыл басынан бері 82 педагог халықаралық және республикалық олимпиадаларда топ жарды.

Әсіресе математика мамандығының мұғалімдері додаларда дес бермей жүр. Оның бірі Бауыржан Кеңесов. Жас ұстаз Тараздағы №45 қазақ классикалық гимназиясында сабақ береді. 9 жыл ішінде пәндік математикадан 7 рет халықаралық, 3 рет республикалық олимпиада жеңімпазы атанды. Шәкірттері де жолын жалғап, олимпиадаларда үздік үштіктен түспей келеді.

Бауыржан Кеңесов, математика пәнінің мұғалімі:

Бүкіл оқушы математик болып кетпесе де, математиканы өмірмен байланыстыру арқылы өзіне керекті жеріне қолдана алатындай математиканы үйретуге тырысамыз. Ата-анасынан да көп тәрбие алады десек те болады кейбір мұғалімдерден. Сондықтан жауапкершілікті сезініп, барынша жақсы бағыт беруге тырысамыз.

Ал Айнұр Нұралиева ұстаздар отбасында дүниеге келген. Бүгінде өзі оқыған мектепте 30 жылға жуық сабақ беріп келеді. Қара шаңырағына айналған Жамбыл атындағы білім ұясында әжесі де, анасы да педагог болған. Ұл-қыздары да өзі секілді математик. Былтыр республикада үздік ұстаз атанып, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгіні иеленді.

Айнұр Нұралиева, Ж.Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназия мұғалімі:

Алдыма қойған мақсатқа бір күнде жетуге тырысамын. Мен мектепте оқып жүрген кезімде 2 нұсқаның есебін шығарып тастайтынмын. Сол кезде сол кісілер айтатын, Айнұр сен математика пәнінің мұғалімі бол деп. Ұстаздарымның арқасында ма, әлде өзімнің көргенім үйдегі кісілердің барлығы ұстаз болғандықтан ба, мен ұстаздық жолын таңдадым.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу