Бірқатар елдегі референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірқатар елдегі референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды

06.10.2024

Уақыт айырмашылығына байланысты бірқатар шет мемлекеттегі референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды. Енді дауыс беру жәшіктері ашылып, бюллетендерді сұрыптау жұмыстары басталады. Бүгінгі науқанға қырдағы қазақтар қалай қатысты? Референдум барысы қалай өтті? Толығырақ бейнематериалда.

Түркияда референдумға дауыс беру аяқталды. Анкара, Стамбұл мен Анталиядағы учаскелерде кезекке тұрған жұрт көп болды. Елден жырақта жүрсе де жауапкершілікті сезініп, ел ертеңіне алаңдаған жастар ерекше қызығушылық білдірген. Комиссия мүшелерінің ақпарынша, учаскелерде тіркелген 3 мыңнан астам қатысушының басым бөлігі өз таңдауын жасады. Сондай-ақ, ешқандай заңбұзушылық фактілері тіркелмеген.

Сондай-ақ, Мәскеуде жүрген отандастарымыздың 80 пайызға жуығы өз таңдауын жасады. Одан бөлек, Қазан, Санкт-Петербург, Омбы және Астрахань қалаларындағы бас консулдықтарда да дауыс беру учаскелері жұмыс істеді. Әсіресе балаларымен, отбасыларымен барып, дауыс берген қазақстандықтар көп. Жалпы ешқандай заң бұзушылық тіркелмеді.

Бүгінгі қоғамдық науқанға Еуропадағы қазақстандықтар да белсене атсалысты. Әсіресе, Бельгиядағы жастар таңғы 7-ден бастап өз таңдауларын жасауға асық болды. Қазақстан елшілігі ғимаратында жұмыс істеген учаскеде дауыс беруге 200-ге жуық азамат тіркелген. Отандастарымызға елшілік кең дастархан жайып, ұлттық тағамдардан дәм татқызды.

Сондай-ақ, Ұлыбританиядағы референдум учаскесінде соңғы сағаттарда дауыс берушілердің қарасы көп болды. Онда тұрақты тұрып жатқан және саяхаттап жүрген отандастар белсенділік танытты. Лондонда «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтіп жатқан студенттер де қалыс қалмай, өз көзқарастарымен бөлісті. Елшілік қызметкерлері дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін, учаскенің үздіксіз жұмысы мен жерлестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшін салды. Комиссия мүшелерінің айтуынша, референдумның алдын ала қорытындысы ертең жария етіледі.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу