Алматы облысының полиция департаменті 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысы бар тағы бір күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Осылайша, Талғардағы адам өлтіру ісі бойынша 11 адам қамалды. Бұған дейін 10 күдікті ұсталған еді. Қазір, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу іс-шаралары жүріп жатыр, - дейді құзырлы орган өкілдері. Еске салайын, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында жасөспірімді бір топ адам жабылып ұрған. Жанжал кезінде Шерзаттың әкесі мен ағасы да соққыға жығылды. 16 жастағы баланы әкесі ауруханаға жеткізгенімен, оны құтқару мүмкін болмады. Осы оқиғадан кейін Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков, орынбасары Матан Сағындық және Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметтерінен босатылды. Ал, бүгін Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекмановтың отставкаға жіберілгені хабарланды.
Қуан Нұрақын