Жасанды интеллект мамандарды жұмыссыз қалдырмайды. Керісінше, бұл технология дамудың жаңа дәуіріне жол бастап, еңбек нарығына серпін береді, - дейді мамандар. Заманауи әлемнің қарқынды өзгерістеріне бейімделу үшін жасанды интеллектің қыр-сырын меңгеріп, оны тиімді қолдана білу жеткілікті. Толығырақ әріптесімнің бейнематериалында.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Жасанды интеллект – зейінді машиналар мен компьютерлік бағдарламалар жасау технологиясы. Бүгінде оның негізінде жұмыс істейтін құралдар жеткілікті. GitHub шығарған Сopilot код жазуды жеңілдетсе, MidJourney қолданушының сұранысы бойынша графикалық дизайн дайындайды. Ақылды технология адамның қызығушылықтарын ескеріп, сұраққа дәл жауап беруге тырысады. Оған ChatGPT қолданбасы көмектеседі.
- Сәлем, ChatGPT! Маған IT маманға қоятын бір сұрақ дайындап берші.
- Сәлем, Темірлан. Міне, сізге IT маманға арналған сұрақ: Жүйені бұзудан қорғау үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңартудың маңыздылығы қандай?
Сұрақтар дайын!
Жасанды интеллектің арқасында түрлі жобалар да іске асып жатыр. Мысалы, Назарбаев университетінің қабырғасындағы ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты қазақ тілінің ауқымды тілдік моделін әзірлеуде. Жоба нәтижесінде ақпарат беретін модель іске қосылып, қазақ тілінде контент көбейеді.
Аспандияр Нұриманов, aқылды жүйелер және жасанды интеллект институтының деректер талдау сарапшысы:
«KAZ-LLM ғылыми жобасы биыл сәуірде басталды. Біз үлкен тілдік модель жасау үстіндеміз. Бұл жобаның мақсаты – Қазақстанда жасанды интеллектті дамыту. Модель қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде контент құруға көмектеседі. Аталмыш моделіміздің өзегі (ядро) кең ауқымды пайдаланушыларға қолжетімді болады және болашақта стартаптар, ұйымдар біздің модель негізінде өз өнімдерін әзірлеуге қолдана алады.
Алайда бұл технологияның қарқынды дамуын бүгінде халық әртүрлі бағалайды. Бірінің көзқарасы оң болса, басқасы сақтықпен қарайды. Дегенмен көпшілігі жұмыссыз қаламыз ба деп қауіптенеді.
Дегенмен де, жасанды интеллектен қорқуға негіз жоқ. Сарапшылардың пайымдауынша, ақылды технологияның дамуымен қатар елде жаңа нарық пайда болады. Ал оның қыр-сырын меңгергендерге сұраныс артады.
Данабек Қалиаждаров, IT маман, Astana hub басшысының кеңесшісі:
Кезінде 5000-6000 жыл бұрын, адамзат атқа мінді. Ол кезде ешкім аяқсыз қалған жоқ. Аяғымыз сол қалпы қалды. Бірақ атқа міне алғандар мен міне алмағандар болды. Міне алғандардың өрісі кеңейді, мал саны көбейді. Одан қосымша пайда таба алды. Жасанды интеллект деген жылқыға біз мінбесек басқа біреу мінеді.
Жасанды интеллекті жылқыға теңеген Данабек Қалиаждаров, бұл технология бізді жұмыссыз қалдырады деп қорықпау керек. Керісінше, жұмысты жеңілдететін құрал деп қарастырған абзал болады деді. Сол үшін оқып, оны игеруге шақырады. Қазір жасанды интеллект құралдарын үйренем дейтін жандарға ақпарат табу қиынға соқпайды. Олардың көбі ашық, әрі қолжетімді. Бұл саланы терең зерттеймін дегендерге түрлі платформаларда курстар да бар. Үкімет биыл Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Оның бір бағыты – адами капиталды дамытып, мамандар дайындау. Қазірдің өзінде 17 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша 15 бағыт енгізген. Бұл мамандықтар бойынша 2 196 студент оқиды.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Адами капиталды дамыту. Бүкіл осы мектептерде, студенттерді жасанды интеллект бағдарламаларымен, сабақтармен осы мамандарды дайындау.Студенттерге арналған, оқушыларға арналған стартаптар үшін, акселерация бағдарламаларды дайындап жатырмыз.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Маккинзи халықаралық консалтинг компаниясы жасанды интеллектің болашағы зор деп бағалайды. 2030 жылы генеративті жасанды интеллекттің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 13-20 триллион долларға жетуі мүмкін. Сондықтан да, технологияның бұл түрінен үрейленгеннен гөрі, оны игеріп, меңгерген жөн дейді мамандар.
Темірлан Нұржанұлы