Сондай-ақ шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында Президент бірнеше ірі корпорация және халықаралық қаржы ұйымының басшыларымен кездесті.
Еуропалық қайта құру және даму банкі алдағы жылдары «жасыл экономиканы» дамыту үшін елімізге 2 миллиард еуро құюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысымен кездескен банк президенті Одиль Рено-Бассо айтты. Сондай-ақ, биыл Қазақстандағы 22 жобаны жүзеге асыруға 650 миллион доллар бөлмек. Бұдан бөлек тараптар тұрғын үй, шағын және орта бизнес, қаржы, энергетика, медицина, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы және ақпараттық технология сияқты салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады.
Президент Microsoft компаниясының Орталық Еуропа мен Орталық Азиядағы президентімен де кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Мишель Симмонспен IT-индустрияны дамыту және стартаптар үшін экожүйе құру бағытында ынтымақтастық орнату жайын сөз етті. Елімізде келесі жылы Жасанды интеллект ұлттық орталығын ашу жоспарланып отыр. Аталған кешен Қазақстандағы цифрлық трансформацияға қажетті негізгі инфрақұрылымға айналмақ.
Мемлекет басшысы Solidcore Resources компаниясының директоры Виталий Несисті де қабылдады. Бұл компания Павлодар облысында жаңа гидрометаллургия кешенінің құрылысын бастаған. Зауыт жылына 300 мың тонна концентрат шығаратын болады. Құрамындағы алтынның үлесі 98 пайызға жуықтайтын Доре құймасын шығару жоспарланып отыр. Компания отандық өнеркәсіпке қажетті инженер мамандар даярлау шараларын да қолға алған.
Президент Polpharma компаниясы кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен де кездесті. Тараптар әлемдегі жетекші фармацевтикалық компанияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы қызметін кеңейту мәселелерін талқылады. Компания елімізде сапаны бақылау зертханасы мен ғылыми-зерттеу сынақ орталығын салған. Таяу арада жаңа дәрілік препараттар өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Ал кездесту соңында Ежи Старак Президентке екі кітап тарту етті.
Досжан Маратұлы