Қарағанды облысында 1 миллион тонна қойдың жүні кәдеге аспай құр босқа жатыр. Өнімді өткізе алмаған шаруалар оны өртеп жіберуге мәжбүр. Әйтпесе, мал ауруын туғызады дейді олар. Жеңіл өнеркәсіп үшін таптырмас шикізатқа неге сұраныс жоқ? Мәселе қалай шешіледі? Өңірдегі тілші Жандос Бақытұлы анықтады.
Қанат Отарбаев 25 жыл бойы асылтұқымды қой өсіріп келеді. Бүгінде биязы жүнді қой 10 мыңға жуықтаған. Биязы жүн– кілем, тоқыма өнеркәсібіне таптырмас шикізат. Бірақ, сұраныс атымен жоқ. Тіпті алыпсатарлар да биыл төбе көрсетпген.
Қанат Отарбаев, шаруа қожалығының басшысы:
Қойдың негізгі өнімдерінің бірі жүн. Сол жүнге қазір сұраныс жоқ. Мына артымызда тұрған жабағы жүн көктемгі қырқымдікі. Осы күнге дейін сұраушысы жоқ, алушысы жоқ. Іздеп те жатырмыз. Бұл – өте сапалы жүн. Бұрын кілем, костюм-шалбар, тоқыма өнімдерін тоқитын.
Қазір жүн ешқайда өтпейді. Жеңіл өнеркәсіп ақсап тұрғандықтан шикізат босқа рәсуа болып жатыр. Оны құрғақ қоймада сақтамаса ылғал тартып, кейін сапасын жоғалтады. Амалы қалмаған жұрт тонналаған жүнді жағып жібереді немесе қоқыс полигонына төгеді.
Қабдолла Нөкербек, ауыл тұрғыны:
Қойы бар фермерлер бар. Жалғыз жеке меншік секторлар ғана емес. Жүн қабылданбайды. Барлығын қоқысқа апарып тастаймыз.
Жергілікті билік жүнді өткізу, өңдеу ісін дамыту үшін инвестиция тартуға тырысып жатырмыз дейді. Әзірге нәтиже жоқ.
Бауыржан Асанов, Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары:
Ол мәселе бар біз қазіргі таңда жүн өңідеуді қолға алу үшін жан-жақты инвесторлармен қолға алып отырмыз. Мүмкін арзандатылған несие берерміз, мынау біздің әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы немесе басқа да қажеттілік, инженерлік-инфрақұрылым қажет болса, оның барлығына біз көмектесуге дайынбыз.
Былтыр облыста 1 миллион тоннадан астам жүн өндірілген. Бұл жылдағыдан 2 пайызға көп. Бірақ, өнім көбейгенімен оны өңдейтін, өңірде қала берді көрші облыстарда бірде - бір өнеркәсіп жоқ.
Жандос Бақытұлы