Астананың орталығында жаңа гүлзар ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың орталығында жаңа гүлзар ашылды

01.11.2024

Астананың орталығында «Нұрлы жолдың» бойымен Бәйтеректен батысқа қарай 500 метрдей жүрсеңіз, сол жақта осындай әдемі гүлзар ашылды. Бұл алаңқай жылдар бойы бос жатқан. Қаланың қақ ортасындағы осы жерге қызыққандар көп болды дейді қала әкімі. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғимараттар тығыз орналасқан ауданда саябақ ашылды.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

Ол жерде, мысалы, сауда орталықты да салуға ұсыныс болған. Бірақ өздеріңіз білесіз, Қонаев пен Достық көшелерінде машиналар көп өтеді, кептеліс бар. Сондықтан бұл идеядан бас тартып, саябаққа тоқталдық. Президент өзі оны интернеттен оқып, осындай тапсырма берген.

Қазір мұнда қарағай, шырша, жөке, шетен, қайың сияқты ағаштар өсіп тұр. Ал келесі жылы көктемде көпжылдық бұталар отырғызылады. Қала орталығында ашылған гүлзардың пайда болғанына тұрғындар дән риза.

Жасыл желекке бөленген бұл жерде бірер күнде балаларға арналған ойын алаңдары салынады, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Жалпы Астанада саябақтар мен гүлзарлардың саны артып келеді. Биыл қала тұрғындары серуендеуге арналған 40 шақты қоғамдық орын қолданысқа берілді.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу