Президенттің Францияға сапары аясында 36 құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Францияға сапары аясында 36 құжатқа қол қойылды

05.11.2024

Астанада жасанды интеллекті орталығы ашылады. Болашақта ол Орталық Азияға қызмет көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапары кезінде осындай келісім жасалды. Одан бөлек энергетика, машина жасау және өзге де салаларда маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдің бірі Франция. Екі елдің арасында бірден дипломатиялық байланыс орнады. Қазірдің өзінде Орталық Азияның ішінде Францияның негізгі серіктесі Қазақстан. Өткен жылы Эмманюэль Макрон Астанаға сапарлап келсе осы жолы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Франция төрі Парижде бірқатар маңызды келіссөздер жүргізіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев отырған кортежді атты әскер бастап жүрді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары ресми түрде басталды.

Бұдан кейін мемлекет басшылары Құрмет қарауылының салтанатты шеруін тамашалады.

Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне делегация мүшелері мен құрметті қонақтарды таныстырды.

«Бұл сапар Франция мен Қазақстанның арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі болмақ». Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген келіссөздер кезінде осылай деді. Өйткені Макронның былтыр Астанаға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел байланысын тереңдетуге зор серпін берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз үшін осы сапардың маңызы зор. Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы жақын әрі сенімді серіктесі. Қарым-қатынасымыз 34 жылдың ішінде стратегиялық сипатқа ие болды. Астана мен Париж барлық деңгейде өзара түсіністікке негізделген саяси диалог орнатты. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыс нығая түсті. Нақты шарттық-құқықтық база қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін.

Мемлекет басшысы Франция Президентімен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне баса назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр екі елдің сауда айналымы 4,2 миллиард доллар болды. Ал биыл бұл көрсеткішке 9 айда қол жеткіздік. Франция – еліміздің алтыншы ірі инвесторы. Француз компаниялары Қазақстанға қомақты инвестиция салды. Оның көлемі 19,5 миллиард долларға жуықтады.

Мәдениет, білім-ғылым саласындағы байланыс та бекем. Қазір мыңнан астам қазақстандық студент Францияның жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Өткен жылы бұл елдің жетекші университеттері Алматыда филиалдарын ашқан. Қазір факультеттерін көбейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Қазіргі таңда Франция үкіметі мен біздің министрлік Люмьер атты халықаралық екі жақты бірлескен ғылыми зерттеу университетін пысықтап жатырмыз. Оны келесі жылы ашуды көздеп отырмыз. Оның мақсаты Францияның ең мықты зерттеуші университеті мен біздің ұлттық зерттеу университеттерінің бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеп, технологиялар трансфертін әкелу.

Келіссөздер барысында мемлекет басшылары машина жасау, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіптік кооперация, климат, цифрлық даму және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға мән берілді.

Франция электр энергиясының 70 пайыздан астамын атом станцияларынан алып отыр. Ұзақ жылдар бойы АЭС-тің отыны уран таблеткаларын Африка елдерінен алып келген. Саяси жағдайға байланысты қазір импорт тоқтады. Ал Қазақстан бұл қажеттілікті толық жаба алады. Есесіне алғашқы станцияны салғалы отырған елмен технология және тәжірибемен бөлісуге дайын.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Қазіргі таңда Францияның атом энергетикасында тәжірибесі өте үлкен. EDF компаниясының дәл қазір Францияда 56 атомдық реакторлары бар. Сонымен біз олардың тәжірибесін ескеріп, өзіміздің жобаны іске қосатын боламыз.

Бүгінгі заман жасанды интеллектінің дәуірі. Бұл салада да бірлескен жоба қолға алынатын болды. Қазақстанда ашылатын арнайы мектеп тұтас Орталық Азияға қызмет етпек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бұл қазақтың күміс көмей әншісі Әміре Қашаубаевтың тура ғасыр бұрын дәл осы Париж төрінде шырқаған әні. ЭКСПО көрмесі кезінде дала дауысы Франция халқын ғана емес күллі әлемді қазақ мәдениетімен таң қалдырған, тамсандырған. Франция жұрты күні бүгінге дейін мәдениетіне қызығушылығын жоғалтқан емес. Бұл салада ғана емес өзге де мұнай газ, химия, ауыл шаруашылығы жоғары технологиялар сияқты салалардағы ынтымақтастығымыз жоғары деңгейді. Бүгінгі сапардан кейін тіпті тереңдей түсетін болды. 

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу