АҚШ-та президент сайлауы басталды. Штаттардың көбінде сайлау учаскелері осыдан бір сағат бұрын ашылды. Қазір осы елдегі меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тікелей байланысқа шығады.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Біз қазір ел астанасы Вашингтон маңындағы округтардың бірінде тұрмыз. Мұндағы сайлау учаскелері таңғы 6-да яғни, осыдан төрт сағат бұрын ашылған. Қазір дауыс беру процесі қызған шақ десе де болады. Президенттікке бірнеше үміткердің таласы бар. Десе де негізгі күрес екі кандидаттың - Демократиялық партия өкілі, вице президент Камала Харрис пен республикалық партия жетекшісі, экс-президент Дональд Трамптың арасында жүріп жатыр.
Бұл екі үміткердің елді басқару ұстанымдары мен сыртқы саясатқа қатысты көзқарастары екі бөлек тіпті мүлдем қарама-қайшы десе де болады. Бірақ, қай үміткердің бағы жанары әзірге белгісіз. Көп сауалнама қандайда бір кандидаттың басымдығын көрсете алмаған еді. Бұл жолы қай үміткерді таңдарын білмей, екіойлы болып отырған құбылмалы жеті штат бар. Мамандардың айтуынша, осы өңірлердегі сайлаушылардың таңдауы кімнің 47-ші президент болатынын анықтап бермек. Жалпы, 244 миллион америкалық дауыс беруге құқылы болса 83 млн-ға жуығы алдын ала таңдауын жасап үлгерген. Олардың қатарында АҚШ президенті Джо Байден де бар. Ақ үй басшысы осыдан бір апта бұрын дауысын берген еді. Америкалықтар президентпен қатар Конгрестегі Өкілдер палатасының барлық мүшелерін және Сенаттың үштен бірін сайлайды.
Жалғас Сәдібекұлы