Жасанды интеллект мұғалімдердің жұмысын жеңілдетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасанды интеллект мұғалімдердің жұмысын жеңілдетті

09.11.2024

Елімізде мұғалімдер жасанды интеллектіні өз жұмысында еш қиындықсыз пайдаланып жүр. Бұрындары бір күндік уақытын алған жұмыстарды бүгінде бір минутта орындайды. Виртуалды лаборатория көмегімен адам ағзасын, әуе кемелерінің бөлшектерін зерттеп, оқушылардың оқып-тоқуға ынтасын арттырады. Нейрожелілерді меңгеріп алған ұстаздар туралы Қаракөз Тұрмағанбеттің материалында.

Дәулет Дәулетбеков – биология пәнінің мұғалімі. Алматыдағы колледждердің бірінде жұмыс істейді. Жасанды интеллектінің көмегімен сабақ беріп жүргеніне екі жылдай болды. Алдына келген студенттер сабақты мейлінше ұғынып, олардың қызығушылығын арттыру мақсатында замануи мүмкіндіктердің түр-түрін қолданады.

Дәулет Дәулетбеков, жалпы білім беретін пәндер оқытушысы:

Біз биология сабағында көбінесе 3D модельдерді және презентация жасайтын wepik, slides go платформаларды және де видеосабақ жасаған кезде virbo, Invideo деген міндетті түрде сабақ барысында қолданамыз. Себебі ол арқылы жұмыстарыңызды 90 пайызға дейін жеңілдете аласыздар.

Нейрожелілер бүгінде мұғалімдердің цифрлық көмекшісіне айналған. Тақырыпты пысықтау үшін тест пен ойын түріндегі тапсырмаларды да жылдам әрі оңай дайындайды. Студенттер де сабақ берудің мұндай ерекше әдістеріне тәнті.

Нейрожүйе арқылы сабақты өте қызықты өткізеді. Осы нейрожүйелерді пайдаланып бастадым презентацияға, ғылыми жобаларға.

Пайдасы – берілген ақпаратты тез уақытта өңдейді және тапсырманы жеңілдетеді.

Кейбір ақпараттар қате болуы мүмкін. Сол себепті ақпараттарды дұрыстығын тексеріп барып алуымыз керек.

Колледж студенттері осылайша жасанды интеллектінің көкжиекті кеңейтетін де, қауіпті тұстары да барын қоса үйреніп жатыр. Ал Дәулет Дәулетбековтің әріптестерінің айтуынша, сабақ берудің заманауи тәсілдері бүгінде өз жемісін беріп келеді. Студенттердің үлгерімі жақсарған. Сондықтан да жылдан-жылға нейрожелі мүмкіндіктерін пайдаланатын мұғалімдердің қатары көбейіп келеді.

Гүлдана Жүнісбаева, арнайы пәндер оқытушысы:

Әуе көлігінің жалпы курсында біз ұшақтардың құрылымымен таныс боламыз.

Әрине, әрбір аудиторияда мұндай құрылым жоқ. Суретке түсіру арқылы 3D тақтаға қосқаннан кейін ол объектіні білім алушыларға көрсетуге болады.

Бір жыл бұрын жасанды интеллект құралдары қазақ тіліне шорқақ болатын. Қазір түзелген. Тіпті отандық нейрожелілер пайда болып, жұмысымыз біршама жеңілдеді, - дейді мұғалімдер.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу