Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парижден кейін Бішкекке барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парижден кейін Бішкекке барды

10.11.2024

Парижден кейін Президент бірден Бішкекке барды. Құрылғанына 15 жыл болған Түркі мемлекеттерінің САММИТ-і өтті. Соңғы жылы ұйымға Қазақстан төрағалық қылған. Төрағалықты Қырғыз Республикасына тапсырды.

Түркі мемлекеттерінің өзара сауда айналымы биыл 45 миллиард доллардан асты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет»,-деді.

Сонымен бірге түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру керек деп санайтынын жеткізді.

Ұйымға біз, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және Венгрия мүше екені белгілі. Бұл жиында «Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін» деген сипаттамамен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.

Виктор Орбан Еуропа мемлекеттері басшыларының арасында Д.Трампқа деген айрықша құрметімен ерекшеленетін саясаткер. Ол Трамптың қайта сайланғанын қалайтынын ашық айтып, көп либералдың қытығына тиетін. В.Орбан осы аптада орден алғанына қуанған шығар, алайда Д.Трамптың билікке қайта келгеніне қатты қуанды деп ойлаймыз.


Хабарламаларға жазылу