Ақтау теңіз порты арқылы тасымалданатын қытайлық транзиттік контейнерлер саны биыл 20 есе артты.
Мәселен, өткен жылы 11 контейнерлік пойыз ауыстырып тиелген болса, биыл 220 контейнерлік пойыз тасымалданған. Бұл бағыт - екі ел басшыларының бастамасымен іске қосылған «Жаңа жібек жолы»,- деп аталады. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін үлкен жұмыстар атқарылып, Қытай порттарында контейнерлік терминалдар салынып жатыр. Ақтау портында да үшінші және он екінші айлақтарды ұзарту жоспарланған. Инвестициялық жобалар жүзеге асқанда, порттың өткізу қуаты қазіргі 12 миллионнан 16 миллион тоннаға дейін артпақ.
Абай Түрікпенбаев, Ақтау теңіз портының басшысы:
Ляньюньган порты, ҚТЖ экспресс және Ақтау теңіз портының қатысуымен «Контейнерлік хаб» бірлескен кәсіпорнын құру жөніндегі кезекті құжаттарға қол қойылды. Бұл қазіргі 70 мың контейнер өткізу қабілетін 250 мың контейнерге дейін арттырады. Президентіміз бұл міндеттерді жедел шешуді талап етті. Серіктес ретінде «Ляньюньган» порты арқылы шамамен 50 миллион доллар инвестиция тарту көзделіп отыр.
Аягөз Оралбайқызы