Түркияда бір үйдің бес баласы түтінге тұншығып қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда бір үйдің бес баласы түтінге тұншығып қайтыс болды

13.11.2024

Түркияның Измир аймағындағы Селчук ауданында бір үйдің бес баласы өрттен қайтыс болды. Тергеу кезінде анықталғаны электрлі пештен ақау шығып, соңы өртке ұласқан. Үйде ересектердің қарауынсыз қалған бір жастан бес жасқа дейінгі бүлдіршіндер түтінге тұншығып қалған. Бұл уақытта 27 жастағы анасы көне заттарды сату үшін базарға кетіпті. Ал балалардың әкесі бірнеше жыл бұрын ұрлық жасады деп сотталып кеткен. Кішкентай балаларды қараусыз қалдырғаны үшін шешесі қазір қамауға алынды.

Йылмыз Ачар, балалардың нағашы ағасы:

Әкелері де, туысқандары әрдайым көмектесіп отыратынбыз. Жағдайлары жаман емес еді. 15 күн бұрын менің інім барып балалардың ересектерін интернатқа өткіз, кішкентайларын мен алайын депті. Бірақ анасы өзім қараймын деп рұқсат бермепті.

Бұл жантүршігерлік оқиға Түркия қоғамында қызу талқыға жол ашты. Ақпарат құралдары бүлдіршіндердің мұндай жағдайға душар болуына кім кінәлі деген сұрақтарға жауап іздеуде. Қайғылы оқиғаға қатысты қызу пікірталас жүргізген Парламент депутаттары әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған бағдарламаны қайта қарау керектігін айтты.

Өзлем Зенгин, «Ақ партия» фракциясының жетекшісі:

Отбасы жөніндегі министрлік өкілдері балаларды арнайы интернатқа алайық деп бұл үйге 18 рет барған екен. Алайда анасы келіспеген. Мемлекеттен жәрдемақы да тағайындалған. Болашақта осындай жағдайлар қайталанбас үшін аз қамтылған отбасыларға қатысты бағдарламаны қайта қарау керек. Балаларды сот шешімімен отбасынан алып, мемлекеттік интернатқа орналастыру мәселесін оңтайландыру қажет.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу