Алматыда Абай ұлттық мектебі салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Абай ұлттық мектебі салынады

13.11.2024

Алматыда еліміздің дарынды, озат оқушыларына арналған Абай ұлттық мектебі салынады.

Білім ордасының іргетасын қалау рәсіміне Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар қатысты. Сенат спикері Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының жаңа ғимаратын салу – ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. «Абай мектеп-интернатын жаңғырту отандық білім беруді одан әрі дамытуға және өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге тың серпін береді. Жобаның басты мақсаты – ұлы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасына табан тірей отырып, ұлтқа қызмет ететін патриот азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеу» деді Мәулен Әшімбаев. Сенат төрағасы бұл оқу ордасы орта білімнің ұлттық брендін қалыптастыруға қосылған үлкен үлес екенін де атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде білім беру сапасын арттыруға баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, сапалы білім – табысты ұлт болудың маңызды шарттарының бірі, тіпті ең негізгі шарт деп айтсақ та, артық болмайды. Сондықтан әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды жұмыс бүгін елімізде атқарылып жатыр. Орта білім беру саласында осындай іргелі істер аясында Алматыдағы Абай ұлттық мектебін қалыптастыру да маңызды қадам деп есептейміз.

Алматыға сапары барысында сенаторлар Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ұжымымен және студенттерімен кездесті. Жоғары оқу орнында оқитын болашақ дәрігерлер тұрып жатқан жаңа жатақханалардың жағдайымен танысты. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Алматыдағы №63 жалпы білім беретін мектеп базасында орналасқан ресурстық орталықтың қызметімен танысты. Мекемеде инклюзивті білім беру бағытындағы озық инновациялық тәсілдер қолданылып келеді.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу