«Алматы» ӘКК арқылы әлеуметтік 28 жоба іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы» ӘКК арқылы әлеуметтік 28 жоба іске қосылды

14.11.2024

«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы биыл әлеуметтік 28 жоба іске қосылды. Соның арқасында 167 адам жұмыспен қамтылып отыр. Әлеуметтік кәсіпкерлер жоба аясында ғимаратты үш жылға дейін сатып алу құқығынсыз жалға алады. Сондай-ақ жеңілдік қарастырылып, бастапқы екі айға дейін жалға алу төлемі жүргізілмейді. Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған игі шара келесі жылы да жалғасады.

Салтанат Байбатырова – ерекше баланың анасы. Туабітті сал ауруына шалдыққан бүлдіршініне күтім жасап, жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмапты. Төрт жыл бұрын үйде тігін тігіп бастаған. Қазір әлеуметтік кәсіпкер. «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы аумағы 125 шаршы метр болатын ғимаратты жалға алып отыр.

Салтанат Байбатырова, әлеуметтік кәсіпкер:

Төлемақысы нарықтағы төлемақыға қарағанда әлдеқайда төмен. Мәселен, нарықта 300 мың болатын болса, біз бұл жерге 50 мың төлейміз. Бізге үш жылға берді. Егер де кәсіпкер жағынан ешқандай ақаулықтар болмайтын болса, әрі қарай жалғастыруға болады.

Ісмер әзірлеген топтамада этно стильге негізделген түрлі көйлектер, бас киімдер бар. Айына 100-ге жуық тапсырыс орындайды. Сондай-ақ Салтанат қазір 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Келесі жылы тігін цехын үлкейтіп, құрақ көрпе тігетін, қолөнер бұйымдарымен айналысатын тағы төрт жұмысшыны еңбекке тартпақ.

Ұлан Өсербаев, «Алматы» ӘКК» АҚ жоба департаментінің басшысы:

Егер бос орын бола қалса, әлеуметтік кәсіпкерлер арасында конкурс жариялаймыз. Жалға берілетін ғимараттың әр шаршы метрі 413,5 теңгеден басталады. Үш жыл ішінде кәсіп иесі өз ісін алға жылжытып, өндірісі көлемін арттырса, келісім шартты әрі қарай жалғастырамыз. Бұл кәсіпкердің жұмысын дөңгелетуге мол мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Ал конкурстық іріктеу тұрақты түрде өткізіледі. Алдымен тігін өндірісі мен денсаулық сақтау, инклюзивті білім беру саласына басымдық беріледі. Жалпы әлеуметтік бағыттағы жобасы бар кез келген кәсіпкер өтініш бере алады.


Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу