Елімізді Өзбекстанмен байланыстыратын «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы Түркістан облысында басталғаны белгілі. Алайда Жетісай ауданында 156 адамның егістік жері осы жол бойында болғандықтан, мемлекет мұқтаждығына алынбақ. Бұл ретте тұрғындар күнкөріс етіп отырған егістік жерлерімізді алып қойса, жұмыссыз қаламыз ба, деп уайымдап отыр. Сондықтан теміржолды елдімекен шетінен өткізуді сұрайды. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Жетісай ауданы, Сырабат ауылының тұрғыны Камалбек Ортаевтың жанұясымен пай үлесіне алған үш гектар егістік жері бар. Оған жылына екі рет көкөніс пен бақша дақылдарын, жоңышқа егіп алады. Шаруа жеріне темір жол салынса, диқаншылықпен айналыса алмайтын болдым, деп қынжылады.
Камалбек Ортаев, Сырабат ауылының тұрғыны:
Үш гектар жердің 1,30 - 1,40 соттық алып кетейін деп отыр. Сонда екі бөліп тастайды. Мына жағы бір гектар, мына жағы жарты гектар сондай болып. Трактордың да келіп айдауы қиын болады. Оның үстіне пойыз жол өтсе мал бағатын да жеріміз қалмайды.
Жуырда ауданның жеті бірдей елдімекеніндегі 95 гектар жерге теміржол салынатындығы шаруаларға ескертілген. Содан бері тұрғындардың тыныштығы кеткен. Мұндағы жұрт теміржолдың салынуына қарсы емес. Тек егістік жерлер мен жайылымдарды айналып өтіп, ешкімге зияны тимесе екен дейді.
Тұрышбек Елшібаев, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:
Ол мемлекет мұқтаждығына қай кезде болса да халықтан алады жерді. Ол заңда бар. Оны түсіну керек. Егерде жер керек маған десе, суармалы жерден тура сондай жер ұсынамыз. Ал өтемақы болса, ол алдағы күннің еншісінде.
Өзекті мәселеге «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, жобаға өзгеріс енгізу мерзімі өтіп кеткен.
«Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісін салу бойынша жобаны іске асыру үшін мемлекеттік сараптаманың оң қортындысы алынды. Сондықтан бұл жобаға енді өзгеріс енгізуге болмайды. Жерге орналастыру жобасы барлық аудан әкімдіктерімен бекітілді. Аталған мәселелер әкімдіктерде, халықпен кездесулерде талқыланып, түсіндірілді. Бұл темір жол мемелекет мұқтажына керектігі, ауданның экономикасын көтеретін күре жол екені де айтылды.
Айта кетейік, аталған теміржол желісі Сарыағаш ауданынан басталып, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарын кесіп өтеді. Қазір жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Сондықтан шаруаларға теміржол өтетін аумақта егістік жерлерді беруден басқа амал қалмай тұр.
Айнұр Әбілқасымқызы