Елімізде кальянға сұраныс көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде кальянға сұраныс көбейген

14.11.2024

Кальянға сұраныс көбейген. Тапсырыс берсеңіз үйге дейін алып келеді. Бірақ оның денсаулыққа зиянын ескеріп жатқандар аз. Медицина мамандарының дерегінше, қорқордағы никотин концентрациясы бір қорап темекіге қарағанда 7,5 есе жоғары. Англия, Франция, Эстония мен Финляндияда қоғамдық орындарда кальян шегуге тіпті шылым тартуға тыйым салынған. Мұндай заң бізде де бар. Бірақ қоғамдық орында кальян шеккендер азаймай тұр. Себебін Серік Жұмабек айтады.

Серік Жұмабек, тілші:

Елімізде 2020 жылдан бастап қоғамдық орындарда кальян шегуге заңмен тыйым салынған. Бірақ 4 жыл өтседе қабылданған норма қауқарсыз халде тұр. Жауапты министрлік мұны шағын және орта бизнес субъектілеріне жарияланған мораториймен байланыстырады. Бір қызығы, тексеруге қатысты тыйымның аяқталғанына жылға жуықтаса да, қорқорға түбегейлі тосқауыл қою қолдан келмей отыр.
Әлия Бекжанова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы:

Бүгінгі таңда кальянға қатысты нормалар ДСМ және де басқа да мемлекеттік органдармен пысықталуда. Айта кету керек, бір ұстаным қалыптастырылған жағдайда ғана бұл түзетулер қоғаммен және бизнес қауымдастықпен талқыланатын болады.
Қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салынғанымен, заңнамада оның сатылымына шектеу қою туралы айтылмаған. Яғни, мекемелер кальянды саудалауға құқылы. Қазақстандықтардың заңды сақтамайтыны да содан дейді халық қалаулысы. Оның үстіне, айыппұл мөлшері де жеткіліксіз. Қаңтарда депутаттық сауал жолдаған Дәулет Тұрлыханов жұмыс тобындағы 20 әріптесінің 40 пайызы қорқор сатылымына толықтай тыйым салуға қарсы болғанын жасырмайды.

Дәулет Тұрлыханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Әрине, депутаттардың бәрі бірдей қолдай бермейді. Жұмыс тобында мемлекеттік органдарда бар, әрқайсысының беретін ұсыныстары бар, көзқарастары да басқа бір шешімге келгенше уақыт көбірек өтіп кетеді.
Елдегі тамақтану орындары мен көңіл көтеру мекемелеріне тәртіп сақшылары рейд жүргізіледі. Айыппұлдар да салынып жатыр. Бірақ қазынаға түскен қаражат туралы статистика жоқ. Белгілісі, тұтынушыға 15-тен 50 АЕК аралығында айыппұл қарастырылған. 

Айдос Момбиев, Есіл аудандық полиция басқармасының бөлім басшысы: 

Кіші кәсіпкерлер болса, оған 25 АЕК айыппұл салынады. Орта кәсіпкерлерге 40 АЕК айыппұл, ірі кәсіпкерлерге 60 АЕК айыппұл салынады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қорқор шегу ауыз қуысының, өңештің, өкпенің, асқазанның және қуықтың қатерлі ісігі сынды ауруларды тудыратынын дәлелдеген. Денсаулыққа зиянын біле тұра шегетіндер көп. «Ағзаның қалауын толық қанағаттандыру үшін адамға 20-дан 80 минутқа дейін кальян тартуға тура келеді, бұл 100 тал темекі шеккенмен бірдей»,- дейді мамандар.

Айнұр Қабанбаева, пульмонолог:

Кальянды бірнеше адам қолдану арқылы бір-біріне ауруларды жұқтырады. Олардың ауру түрі туберкулез, созылмалы гепатиттер, вирустық инфекциялар, сонымен қатар көкірек таяқшалары жұғу қаупі жоғарлайды.
Серік Жұмабек, тілші:

Кальянға деген сұраныстың жоғары болғаны сонша, тапсырыс берсеңіз үйіңізге жеткізіп береді. Қажет болса, ашық сатылымда бар. Тіпті, құқық қорғау органдарына тұтынушылар тарапынан қорқорға байланысты арыз - шағым мүлде жоқ. Қынжылтатын тұсы да осы. Ал, кальянға толықтай тыйым сала алмасақ, оны арнайы орындарда ғана саудалау туралы ұсыныс айтамыз деп отыр.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу