Президент: Алда тағы ауқымды реформа жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Алда тағы ауқымды реформа жасалады

15.11.2024

Президент форум алаңын пайдалана отырып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты да пікір білдірді. Оның ішінде Маңғыстау облысында балалардың астан уланғанын сын тезіне алып, мектеп асханаларындағы тамақ сапасына баса мән беруді тапсырды. Одан бөлек, жылыту маусымын мінсіз өткізу мәселесін ерекше бақылауда ұстайтынын жеткізді. Әрі бюджет қаражатын үнемдеу керек екен деп әлеуметтік шығындарға, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына, зейнетақы мен жәрдемақыға қол сұғуға болмайтынын ескертті. Мемлекет басшысы азаматтардың табысын жаппай декларациялаудың келесі кезеңінде ескеретін жайтты да атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет.

Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында елдімекендеріміз тазарып, жаңаша келбетке ие бола бастағанын да тілге тиек етті. Халықтың экологиялық мәдениетін одан әрі арттыру үшін Үкімет арнайы тұжырымдама қабылдағанын еске салды. Президент алда ауқымды реформа пакеті жасалатынын да аңдатты. Оның бір бөлігін келесі жылы Бурабайда өтетін Ұлттық Құрылтай отырысында жарияламақ. Қалғанын Жолдауда айтамын деді.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу