Енді Қазақстандағы банктер үшін бірыңғай QR-код іске қосылады. Ұлттық банк ұсынған бірегей жоба бүгін Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде таныстырылды. Бұл жүйе тұтынушыларға кез келген банктің терминалы арқылы жылдам әрі ыңғайлы төлем жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауқымды жиында цифрлық теңге платформасы мен жаңа цифрлық алтын монетасы таныстырылды. Толығырақ Жазира Оразқызының репортажында.
Қазір қаржы секторы отандық экономиканы цифрландыру бағытында көш бастап тұр. Осылай деген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов соңғы 5 жылда халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдері мен транзакциялары 10 есе өскенін жеткізді. Бұл – бөлшек сауда айналымының 90%-ға жуығы, яғни, бізде 10 транзакцияның 8-і онлайн-банкинг арқылы жүзеге асады.
Ержан Ахметали, ҚҰБ қаржы ұйымдарын дамыту департаменті директорының орынбасары:
Қаржы нарығындағы цифрландыру барысында үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Бұл бәріне мәлім. Осы салада аймақта көшбасшы болып қалуға тиіспіз. Алдағы 5 жылда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірігіп және қаржы нарығына қатысушылармен бірге тиісті цифрландыру стратегиясын әзірлейміз.
Соның бірегейі – Қазақстан Ұлттық банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы ұсынған озықбанкаралық қызмет. Ол тұтынушыларға QR төлемдерін жылдам жүргізуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ қаржы нарығын ілгерілетуде Цифрлық теңге платформасының да пайдасы орасан.
Ерлан Ашықбеков, ҚҰБ төлем жүйелері департаментінің директоры:
Бюджеттік шығыстар, мемлекеттік қаржыны игеруді талап ететін әртүрлі ірі жобалар бойынша, цифрлық теңгенің көмегімен ол жобалардың ашықтығын, мақсаттылығын қамтамасыз ету бағытында жаңа технологялық платформа әзірленіп, цифрлық теңге базасында жүзеге асырылып жатыр.
Цифрландырудағы тағы бір жетістік – Ұлттық банк келесі жылдан бастап алтын инвестициялық монеталарды шығаруды қолға алмақ. Эксклюзивті дизайнда әзірленетін қаржы құралын кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен онлайн сатып алуға және сатуға болады.
Жазира Оразқызы