Ресей Қазақстанға жиырма жылға жуық уақытта 20 миллиард доллар көлемінде инвестиция құйған. Бұл Еуразия экономикалық одағы мемлекеттері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Осы уақыт аралығында Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттермен тауар айналымы шамамен 19 миллиард доллар болған. Соның 91 пайызы Ресеймен жасалған сауда-саттық еншісінде. Қазақстан территориясында ресейлік 28 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр тағы 4 мың компания іске қосылған. Қазақстан мен Ресей арасында сомасы 26 миллиард теңге болатын 135 ортақ жоба бар. Оның 28 пайызы іске асқан. Қалғаны процесте. Ал барлық жоба сәтті болса, 28 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
Жалпы Қазақстанды Ресеймен байланыстыратын ол тек ғана экономика емес. Ол біздің 7,5 мың км құрайтын шекарамыз. Яғни, осы шекара арқылы солтүстік дәліздер өтеді. Батыс пен Шығысты байланыстыратын еуропалық дәлізге өтетін жолдар өтеді. Осының бәрі 2 мемлекет арасындағы экономикалық байланыстың жандануына септігін тигізіп отыр.
Азамат Бейбітұлы