«Ақмарал». Осындай атаумен америкалық жазушының Сақ жауынгер әйелі туралы романы жарық көрді. Туынды ұлы дала өркениетінде жаужүрек әйелдер ел мен жерін ерлермен қатар қорғағаны, сол замандағы әйелдің қоғамдағы рөлі баяндалады. Автормен сұхбаттасқан АҚШ-тағы тілшіміз тарқатсын.
Джуди Линдберг - бірнеше тарихи романның авторы. Жазушының жаңа туындысы Алтай аймағында өмір сүрген жауынгер әйелдің өмірінен сыр шертеді. Бұл романды жазу үшін бірнеше жылын сарп еткен. Сол замандағы шынайы жағдайды білу мақсатынды тарихи деректерді ақтарып, Сақтардың өмірімен етене танысуға тура келді, дейді.
Джуди Линдберг, жазушы:
Сақ заманында табылған ою-өрнектердің бірі маралды бейнелеген екен. Сол себепті кітаптың атын Ақмарал деп қоюды ұйғардым. Бұл кітапты жазу идеясы осыдан 15 жыл бұрын келді. Жылдар бойы іздендім. Сіздердің аймақтарыңызды зерттедім. Орта Азиядағы көшпенді әйелдердің өмірін, салт-дәстүрін, олардың әдет-ғұрпын түсіне бастағандай болдым. Осылайша Ақмарал атты туындыны жазуға бел будым.
Шытырман оқиға Алтай тауларында өрбиді. Ақмарал қаршадайынан атқа мінуді, садақ атып, найза ұстауды үйренеді. Жауынгерлік өнерге машықтанған қыз елін қорғау үшін қолына қару алады. Жауына қарсы қол бастап, халқына қорған болады.
Джуди Линдберг, жазушы:
Ақмаралдың жауынгерлік өнерін ұнатпайтындар да болады. Солардың бірі - Ержан. Бірақ оның Ақмаралға деген сезімі уақыт өте ояна бастайды. Жалпы, тарихқа үңілсек көп жағдайда әйелдердің ел басқаруы мәдени нормаларға қарсы болып көрінеді. Бірақ көшпенділер мәдениетінде әйел көшбасшының болуы қалыпты екенін аңғарасыз. Менің романымда сол көрсетілген.
330 беттік роман Амазон секілді атақты онлайн дүкендер арқылы көпшілікке сатыла бастады. Қазірдің өзінде жүздеген оқырман алтайлық Ақмарал арқылы қазақ жерінде салтанат құрған көшпелілер мәдениетімен танысып үлгерді.
Жалғас Сәдібекұлы