Жетісу облысында жасанды интеллект көмегімен басқарылатын заманауи сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Роботтардың арқасында шаруашылықтағы 600 сиырға небәрі бес адам қызмет көрсетеді. Кәсіпорын Талдықорғандағы сүт зауытына тәулігіне 12 тонна сүт өткізеді. Мал шаруашылығындағы инновацияны жетілдіру үшін шаруашылыққа «Үлкен жоба» бағдарламасымен жеңілдетілген несие берілді.
Жасанды интеллект мал шаруашылығына да жетті. Мұндағы сиырлардың сапалы әрі мол өнім беруіне адам емес, роботтар жауапты.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мына бөлмеде қазір ешкім жоқ. Робот сауыншы барлығын өзі қадағалап отыр. Мәселен дәл қазір сиырдың желінін тазалап жуып, түтікшелерді орнатып, сиырды сауып жатыр. Мұндағы жасанды интелект қанша азық жегенін, және қандай азық жегенін, сондай-ақ қанша мөлшерде сүт беретінін барлығын есептеп біліп отырады.
Швеция мен Даниядан әкелінген сиырдың әрқайсысы күніне 37 литр сүт береді. Робот сауыншының алдына сиыр желіні толып, сауатын уақыты жақындағанда өзі келеді. Егер адам айдап әкелсе малдың жүйкесіне әсер етіп, сүт құрамына жағымсыз ферменттер бөлінеді. Жасанды интелект мал дәрігерлері мен ұрықтандырушыларға да ірі қараның жағдайы туралы мәлімет беріп көмектеседі.
Болатбай Нұрбопа, мал дәрігері:
Әр сиырдың жүрген жүрісін есептеп санап, бүгін мына сиыр мысалға күйге келіп тұр. Өйткені күндегіден қарағанда жүрген жүрісін бәрін санайды ғой. Сонысымен көмектеседі. Содан кейін мастит болуы мүмкін жаңа туған сиырлар. Сүтті сиыр болғаннан кейін соларды көрсетеді.
Бұл фермадағы сиырлар қолдан ұрықтандырылады. Жасанды интеллект әр алынған төлдің тегін, ұрықтың қай тұқымнан алынғанын және болашақта қандай көлемде сүт бере алатынын да есептеп, қадағалап отырады. Заманауи технологияларды енгізуге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да септігін тигізуде дейді, шаруашылық басшысы.
Рахым Кәрімов, серіктестік директоры:
Бағдарлама бойынша мынандай жаңа технологияға қолымыз жетіп жатыр. Негізі ондай субсидия бізге шынын айтса керек емес. Осындай көп бағдарлама болса, кредиттер осындай 10 жылға, 2,5 пайызға менің ойымша бізге субсидия керек емес.
Жыл соңына дейін жасанды интеллект жетілдіріліп, сүттің құрамын гормональдық деңгейде зерттейтін бағдарлама орнатылмақ. Бұл өз кезегінде өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қуаныш Қанатұлы