Алматы облысында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш-бюст қойылды. Кеудемүсін саясаткердің туған жері Кеген ауылында ашылды.
Заманбек Қалабайұлы – Алматы қаласының тұңғыш әкімі. Одан бөлек Мәжіліс депутаты, Алматы облысының әкімі, Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы сынды бірнеше мемлекеттік лауазымды қызметті абыроймен атқарған. Бюсттің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алғандар тұлғаның еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастағанын, мемлекеттің нығаюуына, аумалы-төкпелі қиын кезеңдерде өңірлердің өркендеуіне зор үлес қосқанын атап өтті. Сондай-ақ, бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Бюсттің биіктігі - 4,5 метр. Авторлары - Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметов. Айта кетейік, биыл Заманбек Нұрқаділовтың туғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайраткердің туған жері Кеген ауданында ескерткіш ашу қажет екенін айтқан болатын.
Қайрат Нұрқаділов, Заманбек Нұрқаділовтің ұлы:
Тұратын үйіне тақта қойыңдар. Бюст қойыңдар және өнер мектебінің атын беріңдер, - деп бұйрығын берген. Бүгін біз куәгер болып отырмыз. Мектебі ашылды. Ішінде музейі бар. Директорына рақмет. Үлкен керемет бюст қойылып жатыр. Біз оған қуаныштымыз.
Бекжан Тұрыс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер:
Қатал тағдырдың қатыгез әміріне бас имеген, шындығы шынардай өршіл мінезді, жалғандықпен жағаласып, әділдікке араша сұраған бірден бір қазақтың тұлғасы болатын. Қатал уақыт пендесін көзден жасырғанмен, қоғам игілігіне сіңірген еңбегін жасырып қала алмайды. Соның дәлелі – бүгінгі мына бюсттің ашылуы.
Қуан Нұрақын