Оралда ерікті жастар «Таза аула автобусы» акциясы аясында көп пәтерлі тұрғын үйдің ауласын қоқыстан арылтты. Волонтерлар әлеуметтік желі арқылы өтініш қабылдайды. Соған сай мекенжайға автобуспен келіп, ауладағы тал-теректің түбін қопсытады, әктейді. Желмен ұшып, айналаға шашылған тұрмыстық қалдықтарды жинайды. Жастар ескі гараж аумағын да қоқыстан тазалады. Бұл жолы тұрғындар да белсенділік танытты. Акция басталғалы 35 аула жиналған. Іс-шара жалпыұлттық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды.
Аманат Бектұрсынов, қалалық жастар ресурстары орталығының бөлім басшысы:
Біздің мақсатымыз – бір аула тұрғындарының басын бір жерге тоғыстыру. Яғни туған жерге сүйіспеншілігін арттыру, аулаларын таза ұстауға ынталандыру. Бұл акцияға 12 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты.
Ардақ Мұратқызы