Білім беру стандарты қалай өзгерді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім беру стандарты қалай өзгерді?

02.12.2024

2026 жылдан бастап оқушылар ағылшын тілінде ғана емес басқа да шет тілдерінде білім алуы мүмкін. Дегенмен, бұл талап білім беру мекемесінің әлеуетіне байланысты қойылады. Сонымен бірге, мектептің таңдауы бойынша бір топ пәнді ағылшын тілінде оқытуға болады. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарындағы бұл өзгерістер 9 желтоқсанға дейін ашық порталында талқыланады. Әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Өзгертілген білім стандартында кейбір пәндерді біріктіру, ал бірнеше пәнді кіріктіріп оқыту көзделген. Ал «көркем еңбек» пәні қайтадан бұрынғыша бейнелеу өнері, еңбекке баулу пәні болып екі бөлек оқытылады. Бағалау жүйесі де қайтарылды. Енді басқа сабақтар сияқты 1-10 балл арасында баға қойылады. Өзгеріс дене шынықтыру мен музыка пәніне де қатысты.

Руслан Қаратабанов, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті:

Бұл жерде алгебра мен геометрия бейберекет бір-біріне қосылмайды. Ол деген егер мектеп екі пәнді бөлек оқытамын десе ол – мектептің құқығы. Ал кей мектептерге оларды біріктіру рұқсатын беріп отырмыз. Біз болады деп физика, химия, биологияны «Жаратылыстану» пәні ретінде біріктіруге болады. Сонымен бірге, дүние жүзі тарихы мен құқық негіздерін «Әлеуметтік ғылымдар» пәніне біріктіруге болады.

Әдіскердің айтуынша, біріктіріп және оқу пәндерінің мазмұнын кіріктіріп оқытқаннан оқушы да педагог та ұтылмайды.

Гүлзира Оразбекова, қалалық әдістемелік орталық әдіскері:

Биология дегеніміз тұнып тұрған химия, ал химия дегеніміз тұнып тұрған биологиядан шығады. Екеуі бір-біріне тақырып жағынан да, берілу пәндік ерекшелігі жағынан да ұқсас пәндер. Егер, мұғалімнің шеберлігі жеткілікті болса, тақырыптар бір-біріне ұқсас болса, ешқандай қиындық келтірмейді деп ойлаймын. Білім алушыға қажет емес тақырыптар өте көп. Соларды тақырыптан алып тастайды да, бір-бірінен ұқсас тақырыптарды қалдырады.

Құжаттағы тағы бір өзгеріс – мектеп бітірушілеріне міндетті пәндер қысқартылып, жоғары оқу орнына түсуге дайындалу үшін оқушының таңдауына қарай қосымша сабақтар қосылады.

Әлия Чокушева, Қр Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары:

Қолданыстағы стандартта 2 бағытта ғана жүзеге асырылуда, бірақ стандарттың жаңа редакциясында жоғары сыныптарда мақсатты бағдарлау жұмыстары кеңейтілген вариатипті курстар арқылы жүзеге асыру ұсынылатын болады. Алдағы уақытта мөлшері қазір Ұлттық ғылым академиясында арнайы жұмыс тобы 10-нан астам 15-ке жуық пәндік бағыттарды қарастырып отыр.

Енді оқушылардың олимпиадаларда, басқа жарыстарда жеткен жетістіктері аттестатта көрсетіледі. Әлеуметтік GPA келесі оқу жылынан бастап пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылады.

Ал Еуропа елдерінде сыныптарында пән аз. Жоғары сыныптары гуманитарлық ғылым, технология, жаратылыстану ғылымдары, өнер бағыты бойынша білім алады. Сәйкесінше, болашақ таңдаған мамандығына байланысты үш қосымша пән енгізіледі.

Анне Ле Риш, мектеп директоры:

Біздің мақсатымыз-оқушының талантын ашып, оны өзі ұнатқан мамандығына бейімдеу. Өз мамандығын сүйсе, мықты кадр болары сөзсіз. Сондықтан, кішкентайынан әр балаға тұлға ретінде қарап, оның пікірімен, таңдауымен санасуға тырысамыз.

Асылбек Данияр, тілші:

Айтпақшы, құжатта барлық мектепте білім берудің инкюзивті тәсілін арттыруға норма енгізілген. Білім берудің жалпыға міндетті стандартын өзгерту 10 жылдан кейін қарастырылып отыр. Құжат бірнеше талқылаудан өткен соң, келесі жылы бекітіледі.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу