Елордада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7%-ға артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7%-ға артты

02.12.2024

Астанада өндіріс қарқынды дамып келеді. Индустриялық парк отандық кәсіпкерлермен толған. Әкімдік жаңа зауыттарды орналастыру үшін қосымша жер бөлу мәселесін қарастырып жатыр. Салаға тартылған инвестиция да өткен жылдармен салыстырғанда еселеп артқан.

Мағжан Ғабитұлы радио-электроника және телекоммуникация саласының маманы. Бір жыл бұрын телекоммуникация жабдықтары, модемдер, коммутаторлар, телефон аппараттары мен түрлі стансалар өндіретін компанияға жұмысқа орналасады. Жас маман осы саланың Астанада қарқынды дамып жатқанына қуанышты.

Мағжан Ғабитұлы, радио-электронды құрылғылардың монтаждаушысы:

Қазіргі таңда менің мамандығым сұранысқа ие. Және осы электроника бағытындағы барлық инженер мамандықтарының болашағы бар.

Дастан Әбдірахманов, компанияның бас директоры:

Компания 2005 жылы құрылған. Зауытта өндірістің толық циклі жолға қойылған. Сұлбасын сызудан бастап, тұтынушыға жеткенге дейінгі жұмыстардың барлығын өзіміз істейміз. Мұндай деңгейге жетуге мемлекеттің көмегі де болды.

Индустриялық паркте орналасқан тағы бір ірі кәсіпорын - Локоматив құрастыру зауыты. Қаңылтырды дәнекерлеуден бастап, дайын өнімге дейін осы жерде жасалады. Жергілікті өнім көлемі 75 пайызға жеткен. Зауыттан шыққан локомативтер 19 сатылы сынақтан өтеді. Қазір Астанада құрастырылған «отарбалар» экспортқа да шығарылып жатыр.

Марат Тілеубаев, «Локоматив құрастыру зауыты» АҚ президенті:

Қазіргі таңда Қырғызстанда жүрген локомативтердің барлығын біз құрастырдық. Тәжікстан, Түркменстан мен Әзірбайжан да бізден алды. Жуырда ғана Әзірбайжанға тағы 10, Молдоваға 12, Украинаға 31 және Моңғолияға 4 локоматив саттық.

Астанада бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 5,5 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылғыдан 7%-ға көп. Мұндағы шағын және орта бизнестің үлесі 72 пайыз. Жыл басынан бері қалаға 1,3 трлн теңге инвестиция тартылған.

Евгений Глотов, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Қазіргі индустриялық парк аумағында 120 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 70-і толық көлемде жұмысына кіріскен. Енді Астанада екінші индустриялық аймақтың құрылысын бастаймыз. Оған 400 гектар жер бөлеміз деп отырмыз. Яғни, тағы да шамамен құны 500 млрд теңге болатын 150 жобаны жүзеге асыруға жол ашамыз.

Индустриялық парк аумағында түсті металлдарды өңдеу зауыты, тігін және жиһаз цехтары орналасқан. Өндіріс орындары ондаған мың астана Тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу