Алматыда азық-түлік бағасы бір жылда едәуір өскен. Әсіресе, күнделікті тұтынатын көкөніс екі есе қымбаттаған.
Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сүйенсек, соңғы бір жылда картоп - 37, пияз - 11, жұмыртқа - 13, қызылша - 22, сүт өнімдері - 8, тұз – 32 пайызға дейін қымбаттады. Ал қызанақ - 65, қияр - 76 пайызға өсті.
Тек сырттан келетін өнім емес, отандық тауарлардың да құны өскен. Экономист Ғалымжан Керімбек бағаны тұрақтандыру үшін ауыл шаруашылық саласына инвестиция тартып, жаңа технологияларды енгізу қажет деп отыр.
Ғалымжан Керімбек, экономист:
Күз басталса жанар-жағармай қымбаттайды, тапшылық қылып қояды. Сөйтіп қолдан жасап отырамыз. Сол кезде көп өнім жиналмай қалып қояды. Шаруа қожалықтарына қолдау жоқ. Ауыл шаруашылық өнімдерінің 70-80 пайызы шет елден келеді. Біз өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бұл елдің экономикасына кері әсер етеді.
Иә, экономист тұтыну қорына ең қажетті деген өнімдерді молынан сақтап отыру керек, - дейді. Ал бағаны тұрақтандыруға тиіс құзырлы мекеме тек әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрін қадағалайды.
Айдана Қуантхан