Салбурын салты қайта жаңғырды. Ақтөбеде «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясында аңшылық пен ұлттық спорт түрлерінен турнирлер ұйымдастырылып жатыр.
Құрашасай ауылына жиналған жұрт құмай тазылар мен қыран құстардың өнеріне тәнті болды. Мұнда шырға тарту, дәстүрлі садақ ату спорты бойынша да сайыстар өтті. Салбурынға Ақтөбе облысынан бөлек еліміздің өзге өңірлерінен де кәсіби аңшылар мен құсбегілер келген. Жиналғандар ат әбзелдерінің көрмесін тамашалады, бір-бірімен пікір алмасты. Жүгірген тазылар мен ұшқан бүркіттердің иелеріне жүлде берілді.
Азат Жөкен, облыстық спорт қауымдастығының басшысы:
Сол кездерде жиналып, аңшылық құрып, қазақтың ең мықты деген тазысын, ең мықты деген атын, ең мықты деген бүркіттерін анықтаған. Жалпы бұл қазақ үшін мейрам болып есептеледі. Аңшылардың мейрамы. Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылып жатыр.
Жақсыбек Кемал