Пошта жеткізу тәртібі өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пошта жеткізу тәртібі өзгереді

04.12.2024

17 теңге. Елдегі пошта қызметі әр сәлемдемені жеткізу үшін осынша қаржы алады. Кейде тіпті, екі сәлемдеме үшін 400 шақырым жердегі ауылдарға барады. Салдарынан жыл сайын 10 млрд теңге шығынға батып отыр. Бүгін бұл туралы «Қазпошта» басқармасының төрағасы Әсел Жанасова айтты. Негізі парламент мәжілісінде пошта қызметін жетілдіру жайлы заң жобасы қаралған. Пошта дегеніміз аудан мен ауылдарда мемлекеттік, қаржылық және банк қызметтерін жүргізіп отырған жалғыз мекеме. Поштаның мәселесі- тұтас ауылдың тағдырымен пара-пар.

Қазір елімізде Қазпоштаның 3 мыңға жуық бөлімшесі бар. Жалпы, 20 мыңға тарта қызметкер жұмыс істейді. Бірақ, шалғайдағы ауылдардағы көптеген пошташылардың жалақысы 80 мың теңге шамасында дейді депутаттар мен сарапшылар. Айшылық жерден хабар алдырған азаматтардың айлығы не себепті мұншалықты төмен? Қазпошта басқарма төрағасын тыңдайық.

Әсел Жанасова, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:

Иә, шыны керек, біздің ауылдағы операторларымыз, пошташыларымыз аз алады. Неге десеңіз, бұл ауылға сәлемдемелер мен хаттың аз келуіне байланысты. Яғни, соған байланысты 0,2 немесе 0,5 ставкамен жұмыс істейді. 0,7 ставкамен де жұмыс істейтіндер бар. Ол енді ауыл тұрғындарына байланысты. сондықтан оны екі жылда 25 пайызға көтердік, биыл 15 пайызға көтердік.

Тағы бір мәселе. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер азаматтарға есепшот ашып, карта береді, бірақ сол картаны қолданатын банкоматтарды ауылдарда орнатпайды. Сондықтан, ауыл тұрғындары Қазпоштаның инфрақұрылымын пайдаланады. Осы және өзге де мәселелердің оң шешімін табу үшін бүгін заң жобасы қаралды.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Заң жобасы бағыттарының бірі – пошта жөнелтілімдерін жеткізу, қабылдап алу кезінде рәсімдерді пин-кодты растау арқылы жеңілдету. Сондай-ақ, заң жобасында почтоматтарды, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерде меншік иелерінің келісімімен орналастыру тәртібі енгізіледі. Бұдан басқа, заң жобасы пошта байланысы нарығын дамытуға және пошта саласындағы уәкілетті органның қызметін жетілдіруге бағытталған.

Сондай-ақ, енді сәлемдемелер мен хаттарды басқа адамға алуға рұқсат етіледі. Ол үшін пин-код немесе QR-код енгізіледі. Бұдан бөлек, заң жобасы аясында Қазпоштаның өңірлерде дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша логистикалық әріптес болуына мүмкіндік беретін түзетулер ұсынды. Тағы бір оң бастама - енді Қазпоштаға кеден брокері ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік артады. Яғни, интернеттегі халықаралық платформаларды пайдаланып, электрондық сауданы қолдану ісі жеңілдейді.

Азамат Нұғыменов

Хабарламаларға жазылу