Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға 500 зорлық-зомбылық жасалған. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің өкілдері хабарлады. Бұл сан жыл соңына дейін тағы да өсуі мүмкін. Өйткені, кәмелетке толмағандарға қатысты жеңіл дене жарақатын салу және ұрып-соғу енді қылмыстық іс болып есептеледі.
Сондай-а, мектеп оқушылары арасында буллинг азаяр емес. Мәселен, биыл 10 айдың ішінде 150-ге жуық құқықбұзушылық тіркеліп, іс сотқа жіберілген. Оқу-ағарту вице-министрінің сөзінше, қазір білім беру мекемелерінде балалар арасындағы әлімжеттілік пен буллингтің алдын алу, санын азайту бойынша арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
Екі бағдарлама енгізіле бастады, біріншісі – «Kiba» бағдарламасы. Ол бірнеше мемлекетте жемісін берген танымал бағдарлама. Екіншісі – біздің отандық ғалымдарымыз жасаған бағдарлама. Министрлік жанында «Өркен» институты бар, сол институт отандық үздік тәжірибелерді зерделей келе антибулингтік бағдарлама әзірледі. Оның атауы – «Досбол Like». Біз енді осы оқу жылының басынан енгіздік, оның нәтиже көрсетуіне біршама уақыт керек. Алғашқы нәтижені оқу жылының аяғында аламыз деп ойлаймын.
Нұрсұлтан Тілектес