Талдықорған маңы тұңған тарих. Оған дәлел қала шетінде сақ қорымдарынан табылған алтын және қола бұйымдар. Археологтардың пайымдауынша, ерте темір дәуіріне жататын обалардан сақ мәдениеті мен өркениетінен сыр шертетін тың мәліметтер шығуда. Бір парасы Жетісудың тарихи мұралары атты конференцияда таныстырылды.
Талдықорған маңындағы Дауылбай қорымынан биыл табылған тарихи жәдігерлер алғаш рет жұрт назарына ұсынылды. Археологтар бұл құнды заттар сақ патшаларына тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтуда.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Ғылыми қызметкерлердің рұқсатымен мына тарихи жәдігерлерді қолға ұстау маған да бұйырды. Бұл жерде аң стилінде жасалған алтын әшекейлер ерте темір дәуіріне жатады екен. Мамандардың айтуынша алдағы уақытта археологиялық зерттеулерді жалғастыра берсе Талдықорған маңынан да еліміздегі тоғызыншы «Алтын адамның» табылуы бек мүмкін.
Олай деуге толық негіз бар. Себебі тоналып кеткен қорымның бірінен адамның белден төмен бөлігінен осы алтын бұйымдар табылып отыр. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жалпы Талдықорған маңы сақ мәдениетінің дамыған, металлургия өндірісі өркендеген жері деген пайым айтуда.
Досбол Байғұнақов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Қорым әлі қазылып біткен жоқ. Келесі жылдары қазылып, қорым түгелдей онда бірнеше обалар бар. Ондаған обалар бар. Олардың барлығы қазылғаннан кейін нақты тұжырым жасауға болады. Ал қазіргі таңда алдын ала тұжырым жасаймыз. Осы Жетісу өңірі сақ мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі болғанын нақты көрсетеді.
Конференция барысында ғалымдар өз зерттеулерінің есебі ретінде «Арқарлы тауларының петроглифтері» және «Дауылбай обалы қорымы» атты екі кітаптың тұсауы кесілді. Монографиялық жазбаларда археологтар Жетісудың тарихи мұраларын кеңінен суреттеген. Облыс аумағында зерттеу жұмыстары келер жылы да жалғасады.
Ғалымжан Оспанов, Жетісу облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры:
Міндетті түрде осы Дауылбай қорымын әрі қарай жалғастырсақ деп отырмыз. Өйткені мамандардың айтуы бойынша, бұл жерде әр қазба жұмыстары әр оба өзінің конструкциясы бір-біріне ұқсамай шығып жатқаны белгілі болды. Енді осы проектіні жалғастырсақ па деген жоспарда бар.
Жетісу жерінде табылған барлық тарихи жәдігерлер Талдықорғандағы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейіне табысталды.
Қуаныш Қанатұлы