Брюссельде Қазақстанның геология саласының әлеуеті талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Қазақстанның геология саласының әлеуеті талқыланды

05.12.2024

Брюссельде Қазақстанның геология саласының әлеуеті талқыланды. Еліміздің Еуропалық Одақ жанындағы Тұрақты өкілдігі басқосуды академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырды. Конференцияда Қ.Сәтбаевтың геология саласын дамытуға қосқан үлесі мен елдің тау-кен өндірісіне шетелден инвестиция, озық технология тарту жайы сөз болды. Жасыл энергияны дамытуды көздеген Еуропа елдері сирек кездесетін металл кеніне зәру. Оларға қажетті 34 металдың 19-ы қазір Қазақстанда өндіріледі. Қалған минералдарды игеру үшін шикізат базалары құрылған.

Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілі:

Біз Еуропалық Одақпен аса маңызды шикізат материалдарын өндіріп, өңдеуге қатысты екі жылдық жол картасын бекіткенбіз. Ол сәтті аяқталды. Енді алдағы екі жылға арналған жаңа жол картасын әзірлеудеміз. Жер қойнауында қазба жұмыстарымен кім айналысады, технологияны кім әкеледі, жобаларды кім қаржыландырады деген мәселелер бойынша басқосуда пікір алмастық.

Николаус Кукузас, Еуропалық геологтар федерациясының CO2 және сутекті геологиялық сақтау жөніндегі сарапшылар тобының үйлестірушісі:

Мен көмірқышқыл газын тұту және сақтау, сутекті сақтау мәселелерін зерттеумен айналысамын. Тың технология жаһан елдері үшін өзекті. Себебі, жаңа технологияның арқасында көміртекті ауадан тұтып алып, капсулада жердің астында сақтауға болады. Бұл қоршаған ортаны қорғауға әрі Қазақстанның мұнай-газ саласының болашағы үшін маңызды технология. Осы бағытта Қазақстанмен ынтымақты арттыруға ниеттіміз.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу