Алматыдағы зертханада Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішкі және сыртқы есіктері қалпына келтіріліп жатыр. Жәдігер – 14-ғасырда өмір сүрген шеберлердің туындысы. Қазір Қырым Алтынбеков реставрация жасауда. Маман бір дәуірдің тарихи шындығын көрсететін құнды мұраны мейлінше сақтап қалу керек дейді. Ғалым-реставратордың сөзінше, кесене есігінің іші шіри бастаған. Жалпы жөндеу жұмыстары күрделі кезеңдерге бөлініпті. Алдымен есікті рентгенге түсіріп, томография жасаған. Ішкі және сыртқы есіктер бұған дейін бірнеше рет жөнделгені, бетіне түрлі бояулар жағылғаны анықталған. Содан болар ирандық техникамен ағашқа бедерленіп түскен қызғалдақтың бейнесі мен ұсақ өрнектер көрінбей қалған. Ал есіктің жақтауы темірмен қапталыпты. Оның бетінде алтынмен жазылған жазу, күміспен қашалып түскен өрнектер бар. Оның да көп бөлігі жойылып кеткен.
Қырым Алтынбеков, ғалым-реставратор:
Темірден инкрустация жасаған, оның бетінде басқа технология бар. Ядролық оталықтан көмек сұрадық. Өйткені рентгеннің қабілеті жетпейді. Бетіндегі қаспақтарды алу үшін, оның астында кішкентай-кішкентай инкрустация бар. Олар әртүрлі заттан жасалған. Мысалы сүйектен, қалайыдан. Оның бәрін сақтап қалу үшін көп қиыншылық болды.
Қырым Алтынбеков бұл жұмысты 2017 жылы бастаған. Зерттеу жұмыстарына 3-4 жыл уақыт арнапты. Тек 2021 жылы есікті зертханаға алып келген. Қазір сыртқы есіктер қалпына келтіріліп жатыр, ішкісі дайын. Олар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, экспозиция залына жәдігер ретінде қойылады. Ал есіктердің орнына көшірме нұсқасы орнатылады.
Айдана Қуантхан