Атырау облысындағы үлкен ғимараттың жөндеу жұмысы тоқтап қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы үлкен ғимараттың жөндеу жұмысы тоқтап қалған

09.12.2024

Атырау облысы Құлсары қаласындағы Жастар үйінің күрделі жөндеу жұмысы соңына жетпей тоқтап қалғанына бір жылдан асты. Құрылыс жұмыстары былтыр мамыр айында аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігердің салғырттығы салдарынан жоба аяқсыз қалған.

Бұдан 70 жыл бұрын мұнайшылардың мәдениет клубы болған ғимарат кейін жергілікті әкімдіктің балансына беріліп, «Жастар үйі» мәртебесіне ие болды. Тозығы жеткен ғимарат күрделі жөндеуге сұранып тұрды. Сөйтіп конкурс жарияланып, Шымкенттік «Алтын жаңбыр» компаниясы екі жыл бұрын жұмыстарды бастаған. Алайда құрылысты аяқтамай, нысанның астаң-кестеңін шығарған.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Бұл бұрынғы мердігердің атқарған жұмыстары. Біз қазір көрермен залында тұрмыз. Қазіргі сиқы осындай. Айнала толған қоқыс. Тіпті аяқ алып жүру мүмкін емес.

Төсемтастар, түрлі құрылыс материалдары әр жерде жайрап шашылып жатыр. Ғимараттың шатыры ауыстырылғанымен әлден-ақ төбесі жалбырап ашыла бастаған. Жергілікті әкімдік көп ұзамай жауапсыз мердігерді сотқа беріп, келісімшартты бұзған. Осы мардымсыз жұмыстар үшін бюджеттен 161 млн теңге қаралыпты.

Ғазизхан Демесінов, Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы:

Мердігердің жауапкершілік танытпауына байланысты 120 млн қайтадан мемлекет бюджет есебіне қайтарылды. 40 млн демонтаж жұмыстарына кетті.

Күні кеше жобалық-сметалық құжатқа түзетулер енгізіліп, жаңа мердігер тағайындалды. Бюджет құны да еселеніп, күрделі жөндеуге 322 млн теңге бөлінген. Жауапты мамандар құрылысты келер жылдың аяғында бітіреміз деп сендірді.

Әділжан Бауыржанов, учаске басшысы:

Шатырдан су кеткендіктен тоқтар жарамсыз болып қалды. Гипсокордон жарамсыз. Сол себептен қайтадан жасау керек.

Әкімдіктегілерді тендерді өзге облыстың мердігері ұтатыны қынжылтады. Өйткені сырттан келген мекеменің не материалдық базасы, не техникасы жоқ болып, нысандар тұралап қалады дейді. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті компанияларға басымдық берілсе екен деген тілегі бар.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу