Астанада «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ашылды

05.12.2024

Астанада Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ашылды. Келушілердің назарына тарихы терең, құнды жәдігерлер ұсынылып отыр. Арасында ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген қолжазбалар мен зергерлік бұйымдар да бар. Шара биыл аймақта жарияланған «Руханият жылы» аясында өтіп жатыр.

«Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесі. Мұнда қойылған 800-ге тарта жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейінен әкелінген.

Сапар Көзейбаев, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

Сыр өңірінде көптеген ақын-ишандарымызда өмір сүрген. Сол ақын ишандарымыздың өзінің қолы тиген, бүгінгі күнге дейін жеткен ұрпақтан ұрпаққа жетіп, облыстың өлкетану мұражайында сақталған ағаш табақтар, Бұқарбай батырдың қылышы. Ең соңғы осы айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың музейіміздің қорына берген «Алтын домбырасы» Астана шаһары халқының назарына қойылып, көрермендер мен қонақтарға таныстырылып көрсетілетін болады.

Көрменің ерекшелігі – алғаш рет ежелгі адамдар киген киімдердің реконструкциясы қойылған. Ең ежелгісі Түгіскен қорымынан табылған көсемінің киімі. Сонымен бірге келушілер «Шірік Рабат сақ жауынгерінің», «Жетіасар» мәдениеті кезіндегі ақсүйек әйелдердің киімімен таныса алады. Сығанақтан табылған Алтын Орда кезіндегі Шыңғыс хан ұрпақтары әйелдерінің заттары да бар.

Әзілхан Тәжікеев, археолог:

Бұл реконструкцияның бәрі ғылыми тұрғыда негізделген. Бұлардың бәрі археологиялық қазба барысында табылған заттардың көшірмесі. Ол жерде барлығы ойластырылған нәрсе емес, сол табылған, тіпті аяқ киімнің тігістеріне дейін, киімдерінің түсіне дейін сақталған қазба барысында. Бұл қызыл түсті киімдер, ақшыл қызыл түсті киімдер үстіндегі киіміне жапсырылған алтын әшекейлерге қарайтын болсақ, содан-ақ көруге болады, бұл Үнді Мұхиты тарапынан, Қытай тарапынан келген заттарды тұтынғанын көре аламыз.

Сондай-ақ келушілердің назарына Сығанақ, Жаркент қалашығынан табылған алтын жапсырмаларды, қыш ыдыстар мен зергерлік бұйымдар ұсынылып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған көрме 19 желтоқсанға дейін болады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу