Таиландта өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Махмұд Сабырхан қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Ширек финалдағы жекпе-жегінде ол Шри-Ланка елінің былғары қолғап шеберінен басым түсті. Жартылай финалдағы кездесуін енді ол желтоқсанның 8-і күні өткізеді.
Махмұд Сабырхан, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі:
Бүгін Азия чемпионатында екінші жекпе-жегімді өткіздім. Екеуі де жеңіл өтті десем де болады. Бүгінгі қарсыласымды екінші раундта айқын басымдықпен жеңдім. Ендігі қарсыластарымыз бұдан қиынырақ болады.
Таиланд Корольдігінің Чиаңмай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін қазақстандық ерлер құрамы ширек финалды түйіндеп жатыр. Ең жеңіл 48 келіде өнер көрсететін Әлем чемпионы, Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай Тәжікстан өкілі Мефрон Шафиевті тізе бүктірді. Шиеленіске толы айқаста жерлесіміз төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Ал Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов ширек финалға шығады. Сондай-ақ бүгін шаршы алаңға Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Сағындық Тоғамбай да шығып, жүлдеге қол созуға барын салады.
Қаракөз Тұрмағанбет