Сирияда биліктен кеткен Башар Асад пен оның отбасына Мәскеу пана берді. Бұл ақпаратты Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. 24 жыл билік еткен Асад режимінің құлауы Сирияға, жалпы Таяу Шығыс өңіріне қандай өзгеріс әкелуі мүмкін? Әлемнің саяси сарапшыларының бұған қатысты болжамы қандай? Тақырыпты халықаралық шолушы Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Әлем назары Сирияда. Еуропаның бұқаралық ақпарат құралдары президент Башар Асадтың биліктен кетуін, көтерілісшілердің ел астанасы Дамаскті басып алуын жарыса жазып жатыр. Соңғы мәліметтерге сай, Сирия президенті отбасымен бірге Мәскеуге ұшып барып, сонда тұрақтаған. Бұл туралы Ресейдің баспасөз өкілдері Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
АҚШ президенті Джо Байденнің мәлімдеуінше, Сирияда жарқын болашақ құруға оңтайлы сәт туды. Ал Қытай Сыртқы істер министрлігі ел келешегі сириялықтардың қолында деп мәлімдеді. Түркия қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Хакан Фидан, Түркия Сыртқы істер министрі:
Алдағы процесте әртүрлі этникалық және діни топтар тату өмір сүретін Сирия қалыптасады деп үміттенеміз. Көршілерімен тату-тәтті тұратын, бейбіт және тұрақты елді көргіміз келеді.
Сириялық көтерілісшілер Башар Асадтың режимі құлағанын жексенбіге қараған түні мәлімдеді. Сол күні қарулы оппозиция ел астанасы Дамаскке кірді. Бұдан бірнеше күн бұрын үкімет әскері Алеппо, Хама, Хомс қалаларын уысынан шығарған еді. Көптеген елде террористік деп танылған «Хайят Тахрир әш-Шам» тобы мен оның одақтастары шабуылды қарашаның 27-де бастады. Олар билікті елдің солтүстік-батысындағы бейбіт тұрғындарға шабуылды жиілете түсті деп айыптаған. Көтерілісшілер екі аптаға жетер-жетпес уақытта Ресей мен Иранның қолдауына сүйеніп, 24 жыл билік еткен Асад режимін құлатты.
Аббас Аракчи, Иран Сыртқы істер министрі:
Иран мен Сирияның барлау және күш құрылымдары Идлибте болып жатқан әрекеттер туралы толық хабардар болды. Барлық ақпарат Сирия үкіметі мен әскеріне берілді. Алайда Сирия армиясының бұл қозғалыстарға қарсы тұра алмауы және оқиғаның жылдам өрбуі - таңқаларлық жайт.
13 жылға созылған азаматтық соғыстан қажыған сириялықтар Асад билігінің құлауын қуанышпен қабылдады. «BBC»-дің хабарлауынша, Ливан мен Иордания елдерінде бас сауғалаған сириялықтар елге орала бастаған. Сонымен бірге көтерілісшілер түрмелерден мыңдаған адамды бостандыққа жіберді. Олардың арасында Асад билігін сынаған және 2011 жылғы «Араб көктемі» кезінде қамалған азаматтар да бар.
Халед, Сирия тұрғыны:
Бұл менің ең бақытты күнім. Біз қайта дүниеге келдік. Ауызбіршілік болғаны маңызды, шетелдіктерге елдің ішкі ісіне араласуға мүмкіндік бермеу керек.
Делбрет Рашо, Сирия тұрғыны:
Бұл күнді халықпен бірге тойлауға шықтық. Барлығы режимнің ақырын күтіп жүрді. Сирия бұрынғыдан да күшті болады.
Көтерілісшілер лидері Әбу Мұхаммед Джулани Сирия астанасындағы мешітте сөз сөйлеп, болған оқиғаны аймақ үшін үлкен бетбұрыс деп атады. Қазір Сирияның алдында жаңа үкіметті бейбіт жолмен құру міндеті тұр.
Андре Банк, Сирия жөніндегі сарапшы:
Бұл өте тез өрібеген оқиға. Оған соңғы күндері бәріміз куә болдық. Білесіздер ме, Асадтың елінен қашуы мен ескі режимнің күйреуі шын мәнінде бірнеше сағатта болды. Меніңше, қазір Сирияның алдында тұрған басты міндет – көтерілісшілер мен бұрынғы басшылықтың жаңа үкіметті бейбіт жолмен, зорлық-зомбылықсыз құруы.
Бірқатар саяси сарапшылардың пікірінше, сириялық көтерілісшілер кек алудан бас тартып, барлық азаматтардың қатысуымен саяси үрдісті бастап кетуі маңызды. Ал шетелдік державалар Сирияның мүддесі үшін әрекет етуі тиіс. Бұл оң сценарий болмақ. Саясаттанушылар Сирияның зорлық-зомбылық пен хаосқа жол беріп, Ирак пен Ливияның сценарийін қайталауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Арай Төлегенқызы